Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04-20-2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикадағы ресми және оппозициялық бағыттағы басылымдардың басты тақырыбына айналды.

Соңғы кездері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикадағы ресми және оппозициялық бағыттағы басылымдардың басты тақырыбына айналды. “Егемен Қазақстан” басылымы сейсенбілік санында Мемлекет басшысының үш күндік жұмыс сапармен Германия Федерациялық Республикасында жүргендігін хабарлапты. Газет тілші Қуат Бораштың хабарлауынша, бұл мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропа төңірегіндегі экономикасы төске өрлеген Германия Федерациялық Республикасына жасап отырған төртінші сапары. Мақала авторының айтуынша, жексенбі күні Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанмен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға ықыласты болып отырған Германиядағы өнеркәсіптік әлеуеттері жоғары компаниялардың басшыларымен кездескен. “Литер” басылымының сейсенбілік санында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет қызметкерлерінің алдында сөйлеген сөзінен үзінді келтіріліпті. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде мемлекет қызметкерінің ең алдымен өзінің емес, қоғамның қамын ойлау керектігін, мемлекеттік мүдде тұрғысынан пайымдау қажеттілігіне айрықша тоқталып өтіпті. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, мемлекет қызметкері өз билігін тиімді пайдаланып, арам жолға түспеуі тиіс. Оппозициялық бағыттағы “Қазақстан” басылымы да соңғы санының бірінші бетінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы мақала жариялапты. “Ауруда шаншу, сөзде қаңқу жаман” деп аталатын “Еуразия” интернет-парақшасынан көшіріліп басылған осы мақалада “Қазақгейтке” қатысты ашық сот басталар алдында Гиффен мен Назарбаевтың мүдделерін қорғап жүрген адвокаттардың арасынан жік шыққандығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, Гиффеннің қорғаушылары жасаған мәлімдемеде оның Қазақстанның президентін айлалы әрекеттерімен агент ретінде ғана пайдаланып келгені айтылған. Газет тілшісінің хабарлауынша, Гиффен Назарбаев пен оның туыстарының жасырын есеп-шотына аударылған 78 миллион доллар қаржының Америка Құрама Штатының Орталық барлау басқармасының негізінде жүзеге асырылғандығын тілге тиек етіпті. Мақала авторы мамыр айында, Нью-Йорктің Оңтүстік федеральдік округінде “Қазақгейтке” байланысты басталғалы отырған ашық тыңдаулар, осынау теңдессіз халықаралық масқарашылыққа байланысты барлық бүге-шіге жағдаятты көпшіліктің назарына алып шығары сөзсіз деп есептейді. “Жаңадан ашылып отырған жағдайлар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа аса ірі көлемдегі жемқор ғана емес, Отанын сатқан адам ретінде күдікпен қарауға негіз қалап отыр” дейді мақала авторы. Мақала авторының айтуынша, Гиффеннің қорғаушылары Назарбаевты сатып алу шаралары өз елінің үкіметі немесе агенттігінің ризашылық беруі негізінде жүзеге асқанын көлденең тартып, қазақстандық билікті тығырыққа тіреп отыр.

Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің бұрынғы төрағасы Заманбек Нұрқаділов те “Ассанди таимс” газетінің соңғы санында жарық көрген Парламент депуттарының атына жасаған саяси мәлімдемесінде, соңғы жылдары баспасөзде президенттің бұрынғы кеңесшісі Джеймс Гиффеннің Америка Құрама Штаты барлау орындарының тапсырмасын орындағандығы туралы ақпараттың пайда болғандығын атап өтіпті. Заманбек Нұрқаділов Парламент депутаттарына егер де бұл ақпарат расқа айналса, Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кеңесшісі арқылы шет мемлекетке елдің құпиясын жайып салмады деуге қандай негіз бар деген сауал тастайды. Заманбек Нұрқаділов өз мәлімдемесінде “Қазақстандағы Джеймс Гиффеннің ісіне байланысты депутаттық комиссия құру жөнінде ұсыныс жасапты.

Сондай-ақ “Қазақстан” газетінің соңғы санына берген сұхбатында Заманбек Нұрқаділов өзінің Назарбаевты қорғамайтындығын мәлімдепті. “Егер ол менімен жеке кездессе, менің айтқаныма көніп, бүгінге дейінгі ұрлағанының 90 процентін халыққа қайтарып беріп, 10 процентін ғана қалдырар болса және бірге ұрлық жасағандарға да ұрлағандарының 90 процентін қайтартар болса, қорғаған болар едім” дейді Заманбек Нұрқаділов.

Саясаттанушы Нұрболат Масанов “Ақ жол Қазақстан” газетіне берген сұхбатында Заманбек Нұрқаділовтың Президентті қатты сынға алуын үлкен ерлік деп бағалапты. Оның айтуынша, Заманбек Нұрқаділов мемлекет басшысының саяси істері жөнінде ғаламат көп ақпарат біледі. Ал, күзде өтетін Парламент сайлауына байланысты саясаттанушы Нұрболат Масанов “Егер биылғы мәжіліс сайлауы дұрыс өтпей, Назарбаев мырза сайлау нәтижесін бұрмалайтын болса, онда біздің ел Грузиядағы оқиғаларды басынан кешеді” дегенді айтыпты.

Нұрболат Масановтың айтуына қарағанда Назарбаев Шевернадзе секілді тақтан өз еркімен кетпейді, соңғы мүмкіндігі қалғанша жармасып отырады. Нұрболат Масанов өз сөзінде Қазақстан Президентінің патриоттығына да, мемлекет үшін жұмыс істейтініне де сенбеймін деп айтыпты. “Назарбаев өзін ғана сүйеді. Ең жаманы осы” дейді Нұрболат Масанов.
XS
SM
MD
LG