Accessibility links

Біріңғай экономикалық кеңістік құру туралы келісімді бекіту жөніндегі заң жобасы мақұлданды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Көкектің 21-і күні Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі Біріңғай экономикалық кеңістік құру туралы келісімді бекіту жөніндегі заң жобасын мақұлдады.

Естеріңізге сала кетсек, 2003 жылдың ақпан айының 23-інде Мәскеу қаласында Қазақстан, Беларусь, Ресей және Украина мемлекеттерінің Президенттері экономикалық ықпалдастықтың жаңа кезеңіне өту туралы және Біріңғай экономикалық кеңестік құру туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойған болатын. Мәлімдемені іске асыру барысында жоғары деңгейдегі топ құрылып негізгі құжаттар дайындалған-ды. Ал, өткен жылдың 19-шы қыркүйегінде Украинаның Ялта қаласында төрт мемлекеттің басшылары Біріңғай экономикалық кеңістікті құру туралы Келісімге қол қойғаны белгілі.

«Біріңғай экономикалық кеңестікті құрудағы негізгі мақсаттардың бірі біріңғай бәсекелестік саясатты жүргізу және мемелекетаралық маңыздағы табиғи монополиялардың қызметін реттеудің біріңғай жүйесін жасау болып табылады. Бұл арада сөз темір жол көлігі, магистральді телекомуникация, электр энергиясын, мұнай және көгілдір отынды тасымалдау жайында болып отыр. Аталған бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру қазақстандық тасымалдаушылардың шығындарын айтарлықтай азайтып, экономикалық тиімділікке оң ықпал етеді» дейді Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрінің орынбасары Болат Смағұлов.

Оның айтуынша, біріңғай экономикалық кеңестікті қалыптастыру туралы Келісімді бекіту аймақтық ықпалдастық ұйымдарын құру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізуге құқықтық негіз береді және жақында ғана он жыл толған Еуразия идеясын дамытуға дер кезінде жасалған іс болмақ.

Көкектің 15-і күні Санкт-Петербург қаласында болған «Біріңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыруды құқықтық қамтамасыз ету» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік мәслихатта аталған келісімге қатысушы мемелекеттер парламентшілерінің Келісімді бекітуді жеделдету қажеттілігі келісілген-ді.

Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы, біріңғай экономикалық кеңістіктің іс жүзіндегі нәтижесі қандай болатынына назар аударып отыр. Оның айтуынша, Беларусиядан шығатын трактор Ресей жерінен өтіп Қазақстанға жеткенше бағасы 30 пайызға қымбаттайды.

«Осындай ынтымақтастық туралы көптеген келіссөздерге, одаққа кіреміз. Осы одаққа кірушілердің тілі тәтті де бауыры қатты ма деймін.Себебі Қазақстанның тауары Ресей жерінен мұнай, газ басқа тауарлар өткенде оларға қойылатын тарифтер өте жоғары» дейді.

Депутат Жазбек Әбдиев біріңғай экономикалық кеңестік құру идеясын Қазақстан басшысынан шыққандықтан, келісім ертерек бекітілуі керек еді дейді.

«Украина парламентінде қиындау бекітілді, телерепортаждарына қарағанда. Ал, кеше Ресейдің мемлекеттік думасы бекітті. Енді өзіміз бастап отырып ең кейін бекіткеніміз ыңғайсыз болды» дейді.

Мәжіліс мақұлдаған Келісімді бекіту мәселесі енді Сенатта қаралады.
XS
SM
MD
LG