Accessibility links

Жастардың Демократиялық Одағы ҚР Сайлау туралы Заңына енгізілген электронды дауыс беру жүйесіне қарсылықтарын білдірді


Көкек айының 21-і күні Алматыда Жастардың Демократиялық Одағы қоғамдық ұйымы Қазақстан Республикасының Сайлау туралы Заңына енгізілген жаңа өзгерістерге атап айтқанда, электронды дауыс беру жүйесіне өз қарсылықтарын білдіріп, Қазақстан Республикасы парламентіне мәлімдеме жасады. Аталған қоғамдық ұйымның тең төрағасы Ерлан Қарабалаевтың айтуынша, жүзеге асырылғалы отырған жаңа электронды сайлау жүйесін Қазақстанға енгізу әлі ертерек.

-Электронды сайлау жүйесінің астарына үңілетін болсақ – бұл жүйе барлық республикада енгізілмейді. Орталық сайлау комиссиясының шешімімен кейбір саяси реакцияшыл қалаларда ғана енгізіледі. Бұл нені көрсетеді? Билік өзінің үміткерлері үшін ғана электронды сайлау жүйесін енгізіп отырған сияқты. Осы электронды дауыс беру жүйесін өткізу үшін 4 млд. теңге қаржы бөлініп отыр екен. Осы қомақты қаржыны электронды сайлау жүйесіне жұмсағанша, сол ақшаны ауыл мектептерін компьютерлендіруге, студенттердің шәкіртақысын көтеруге неге жұмсамаймыз?

Келесі Жастардың Демократиялық Одағы қоғамдық ұйымының мүшесі тағы бір мүшесі Аралбек Боранбаевтың пікірі төмендегідей болды.

-Бір аппаратты қойып Қазақстандағы сайлауды әділ өтеді деуге болмайды. Оданда жастардың саяси деңгейін, санасын көтеруіміз керек. Сонда ғана әркім өзінің кандидатын таңдай алады.

Ал Ерлан Жағыппардың айтуынша, электронды сайлау жүйесін енгізуде биліктегілер болмайтын мәселелерді алға тартып отыр.

-Бюллетеньдерді санап жатпаймыз, осы жұмысты жеңілдетеді,-дейді. Қытайды алып қарайық оларда 1,5 млд халық бар. Сол халықтың тең жарымына жуығы сайлауға қатысуға қабілетті жандар. Бірақ олар бюллетень санау қиындығын айтып жатқан жоқ. Технологиясы дамыған Жапонияны алайық. Оларда озық технологиямен электронды сайлау жүйесін енгізу туралы пікір білдіріп отырған жоқ. Бұл дегеніңіз – электронды сайлау жүйесінің керек емес екендігін білдіреді.

Ұлттық пікір-сайыс орталығының атқарушы директоры Бақытнұр Отарбаеваның пікірінше, техника ғасырында өмір сүріп отырып жаңа технологиядан сырт қалуға болмайды.

-Меніңше біз неге жаңа технологиядан сырт қалуымыз керек. Сол жаңа технологияны жақсы меңгеріп, енгізген дұрыс деп ойлаймын. Осы орайда біздер қатардағы қазақстандықтардың жаңа электронды сайлау жүйесі туралы ойларын білген едік.

-Түсінбейміз біз оны. Көргеніміз жоқ. Бұрын болмаған нәрсе. Сондақтан бұл нәтиже бере қояды дегенге сенбеймін.

-Мен соны нақты білмеймін. Электронды жасаса дұрыс болатын шығар, бәлкім.

-Қазіргі жағдайда өз пайдаларына шешкілері келетін адамдардың жасап отырғаны сияқты.
XS
SM
MD
LG