Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04 - 22 - 2004


22 көкекте өз жұмысын бастаған үшінші Еуразиялық медиа-форум бейсенбі күні жарық көрген мерзімді және апталық басылымдардың басты тақырыбына айналыпты.

22 көкекте өз жұмысын бастаған үшінші Еуразиялық медиа-форум бейсенбі күні жарық көрген мерзімді және апталық басылымдардың басты тақырыбына айналыпты. “Мегаполис” апталығының бейсенбілік санында жарық көрген Сәкен Белгібаевтың мақаласында Еуразиялық осы жолғы өтетін медиа-форумда таяу Шығыстағы, Израиль мен Палестинаның арасындағы қақтығыстар, Ирактағы соғыс өртінің қайтадан өршуі, бұрынғы Югославия аймағындағы тұрақсыздық мәселелері талқыланатындығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, үстіміздегі жылы Ресейдегі, Әзірбайжандағы, Америка Құрама Штатындағы, Австриядағы өтетін президенттік сайлауларға да қазақстандықтар немқұрайлы қарай алмайды.

“Түркістан” басылымының бейсенбілік санында жарық көрген Есенгүл Кәпқызының мақаласында үшінші Еуразиялық медиа-форумға әлемнің 50 дей елінен 200 ге тарта делагат қатысатындығы хабарланыпты. Ұйымдастырушы комитеттің алқа төрағаларының бірі Владимир Рерих Давос форумына қатысушылардың 75 % ті тұрақты екендігін айтады. Дариға Назарбаеваның айтуынша, форумға Орталық Азия мемлекеттері онша ынтазарлық танытып отырған жоқ. Былтыр Өзбекстан мен Қырғыстаннан тәуелсіз сарапшылар келген. Биыл өзбекстандықтар бас тартыпты.

“Сөз” газетінде жарық көрген Гүлжан Ерғалиеваның мақаласында Еуразиялық медиа-форумның журналистерге қарсы қысым күшейе түскен кезде құрылғандығы баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, бірінші Еуразиялық медиа-форум Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязов тұтқынға алынған тұста өте бастаған. Ал, екінші Еуразиялық медиа-форум кезінде журналист Сергей Дуванов тұтқынға алынған. Гүлжан Ерғалиева Еуразиялық медиа-форум арқылы Назарбаев билігін насихаттаудың халықаралық үгіт-насихаты басталды деп есептейді. Гүлжан Ерғалиева журналистік қоғамда қайраткер болғысы келіп жүрген Дариға Назарбаева, Ермұрат Бапи, Сергей Дуванов, Бигелді Ғабдуллин секілді журналистерді қорғау үшін шөптің басын да сындырған жоқ деген ой айтқан. Мақала авторы келтірген деректерге жүгінсек, 2002 жылы “Би-би-си”, “Файненшл таимс” және Ресейдегі ірі бұқаралық ақпарат құралдары мен халықаралық журналистер ұйымдарының кейбір өкілдері Қазақстанда сөз бостандығына қысым жасалып жатқандығына байланысты Еуразиялық медиа-форумға келмей қойған.

Сондай-ақ Гүлжан Ерғалиева Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының басым бөлігін өз уысында ұстап, халыққа біржақты ақпарат таратып отырған Дариға Назарбаеваның халықаралық дәрежедегі медиа-форум өткізуге моральдық құқысы жоқ деген көзқарасын білдірген.

“Начнем с понедельника” апталығы бейсенбілік санында үшінші Еуразиялық медиа-форум барысында мемлекет басшысы “Бұқаралық ақпарат құралдары” туралы заңның қабылдануына тиым салады деп ойлайсыз ба? деген сауал тастаған. Бұл сауалға сенатор Башмаков, егер де президент бұл заңның қабылдануына тиым салса, мәжіліс депутаттарының беделіне нұқсан келеді деген мағынадағы жауап қайтарған. Ал, “Журналистер қауіп-қатерде” атты қоғамдық ұйымның төрайымы Розлана Таукина бұл заңның қабылдануына көптеген халықаралық ұйымдардың қарсы болып отырғандығын айта келіп, президенттің бұл қарсылықтарды ескермеуі мүмкін емес деген ойын білдірген. Қазақстан республикалық халық партиясы атқару комитетінің төрағасы Рамазанов “Сайлау” және “Бұқаралық ақпарат құралдары” туралы заңның алғашқы кезден-ақ, жоғарыдағы биліктің тапсырысы арқылы дайындалған деген көзқарасын білдірген. Оның айтуынша, бұл заңның қабылдауына мемлекет басшысы тиым салған күннің өзінде Қазақстандағы сөз бостандығы мен демократияға байланысты жылымық болмайды. Билік тәуелсіз басылымдарды тұншықтыруға қатысты өз жұмысын жалғастыра береді.

“Экспресс К” газеті өзінің соңғы санында үшінші Еуразиялық медиа-форум басталар алдында мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың аппарат басшылығынан осы басылымның тілшісі Лиля Ержанованың аккредитация құқынан айыруды сұрағандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, газет тілшісі Лиля Ержанова мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың Қазақстан Коммунистік партиясы шет елден құйлып келіп жатқан қаржыға құрылған деп сөйлеген сөздерін мысалға келтірген. Ерасыл Әбілқасымов мен мұндай сөздерді айтқан жоқпын дейді. Мәжіліс төрағасының кеңесшісі Ирак Елекеевтің айтуынша, журналистің аккредетациялық құқы тек парламент сессиясы аяқталғаннан кейін ғана қайтарылып алуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев болса, егер де шенеунік оның ар-ожданына нұқсан келді деп есептесе, журналисті сотқа беруі керек деп пайымдайды. Бұл мәселеге байланысты Еуразиялық медиа-форумның ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева, мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың мұндай әрекетінің бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға қайшы келетіндігін мәлімдепті.
XS
SM
MD
LG