Accessibility links

Конституциялық Кеңес «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы Қазақстан Конституциясына қайшы келеді деп тапты


Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң жобасына қаулыны көкектің 21 –күні кешкісін шығарғанын мәлімдеді.



Осыдан бір ай бұрын, наурыздың 21-күні Қазақстан Президенті Парламентте қабылданған аталмыш заң жобасын Конституциялық Кеңестің қарауына жіберген болатын. Сонымен Конституциялық Кеңес «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң жобасында Қазақстан Констииуциясына қайшы келетін төрт өлшем бар екендігін айтып отыр.

Оның біріншісі, заң жобасының кіріспесінде: «Осы заң Қазақстан Республикасының Конституциясы белгілеген және кепілдік берген азаматтардың сөз бостандығы, ақпарат алу мен тарату құқығын қамтамасыз етеді», – делінген. Констиуциялық Кеңестің мүшесі Хабылсаяст Әбішов бұл қағидалар Қазақстан Конституциясына қайшы келетіндігін былайша түсіндіреді:

«Мына заң азамат ұғымын ғана пайдаланған. Ертең Қазақстанға келген бір адам, Ресейдің азаматы болсын, Өзбекстаннан келген қазақ болсын, бір ақпарат таратып жатса, мына заңға сәйкес, сен біздің Қазақстан республикасының азаматы емессің, сондықтан сенің мына ақпаратты таратуға құқығың жоқ еді деп, сотқа тартуға құқысы бар, мына заңға сүйеніп».



Оның айтуынша, Констиуцияда өзге елдің азаматтарына да еркін ақпарат алуға және таратуға құқық берілген.



Заң жобасының Конституцияға қайшы келетін екінші нормасын бесінші баптан тапқан. «Азаматтардың құқықтары мен бостандықтар тек заңмен шектеледі. Конституцияның 39-бабы. Ал мына заңның 5-бабында жазып қойған, сөз бостандығы Қазақстанның заңдарымен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпарат алу және тарату еркіндігі бар дейді. Міне осы сөздер нормативтік құқықтармен шектеледі деп көрсетіп кеткен», – дейді Конституциялық Кеңестің мүшесі Хабылсаяст Әбішов.



Конституцияға сәйкес келмейтін тағы бір тұсы, Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органның құзіреті деп аталатын 8-баптың 4-тармақшасы. « Бұқаралық ақпарат құралы саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша іске асырылуы мүмкін дейді. Біздің мемлекетімізде оны шектеу, оның куәлігін алу баспасөзді тоқтату тек соттың билігімен ғана жүзеге асу керек. Ал мына заңда оның лицензиясын алу министрдің құқығына берілген» – деп түсіндіреді Конституциялық Кеңестің мүшесі.



Соңғы сәйкес келмейтін төртінші норма – Теріске шығару құқығы деп аталтын 29-баптың бірінші, төртінші және бесінші тармақтар. Онда Азамат немесе заңды тұлға шындыққа сәйкес келмейтін, өзінің ар намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтердің теріске шығарылуын сот тәртібімен талап теуге құқылы делінген. Сонымен қатар, егер теріске шығару орындалғанына қарамастан залал мен моральдық зиянның өтелуін ҚР-ның заңдарында белгіленген тәртіппен талап етуге құқылы деп жазылған. Ал Конституциялық Кеңес бұл нормалар Қазақстан азаматының және заңды тұлғалардың құқығына нұқсан келтіреді деп шешім шығарған.



Бұл заң жобасы Қазақстан Парламентінің сенатында үстіміздегі жылдың наурыз айының 18-де қабылданған болатын. Оның алдында 2003 жылдың желтоқсан айының 26-да мәжіліс депутаттарының енгізген 600 ге тарта өзгертулерінің 150-і ғана қабылданып, заң жобасын Мәжіліс тұтастай мақұлдаған. Ал ақпан айының басында Сенат депутаттары заң жобасының бірінші бабындағы сексуалды-эрротикалық сипаттағы өнім деген атауға дұрыс анықтама берілмеген деп Мәжілістің қарауына қайта жіберген болатын. Кейін келісім комиссисы құрылып, бір шешімге келген. Ақпарат министрі Сауытбек Әбдрахманов Үкіметтің аталған заң жобасын әзірлеуді 2002 жылдан бастап қолға алғанын айтқан-ды. Ал Парламентке заң жобасы 2003 жылдың қыркүйек айында келіп түсті.



Конституциялық Кеңес аталған заң жобасына байланысты соңғы шешімін шығарғаннан кейін, Ақпарат вице министрі Ардақ Досжанға хабарласқанымызда, ол түсінік беруден бас тартты.



Ал Парламентте Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасын талқылаған жұмыс тобының төрағасы болған Әбдіжәлел Бәкір Конституциялық Кеңестің шешімінде саяси астар бар деген пікірде.





Сонымен Конституциялық Кеңес бұдан әрі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң жобасының ендігі тағдырын Қазақстан Президенті шешеді дейді. Ал Қазақстан Президенті Алматыда өтіп жатқан халықаралық медиа форумның ашылуында аталған заң жобасына қол қоылмайтынын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG