Accessibility links

Қазақстанда басы артық әскери техникалар мен қару-жарақты сату ісі қолға алынды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстанның Үкімет басшысы Даниал Ахметов өкілетті мемлекеттік органдарға бір айлық мерзімде «басы артық әскери техникалар мен қару-жарақты сату жөніндегі істі қолға алуды» тапсырды. «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы» Ашық акционерлік қоғамы осы міндетті жүзеге асырудың тетіктерін ұсынып отыр.

Алайда, «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының мамандары бұл туралы ақпарат беруден бас тартты. Себебін, оның құпиялылығымен түсіндірді. Қазақстан Парламенті Сенатының халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің хатшысы Тасбай Симамбаевтың айтуынша, Кеңес дәуірінен келе жатқан әскери техника көп. Оларды қауіпсіздік талаптары бойынша сақтауға көп қаржы керек.

Базаларды ұстауға бюджеттен көп қаржы кетеді. Миллиондаған қару-жарақтарды күзетіп миллиардтаған ақша кетіргенше уақытында сатып оның орнына жаңа қару-жарақ алған дұрыс дейді.

Симамбаевтің пікірінше, ескірген техникаларды көп жылдар бойы ұстау қауіпті, себебі жарылып үлкен зардап әкелуі мүмкін.

Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қрғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Шәріп Омаров ескі әскери техникаларды сатуды құптайды. Ал кімге сату және қалай сату жайы басқа мәселе дейді. Және сөз болып отырған мәселе бойынша кеңес өткізу жоспары барын айтады.

Ал, «Ақжол» демократиялық партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаевтің пікірінше, басы артық әскери техниканы сату үлкен мәселе. «Қазақстанда Ауғаныстаннан шығарылған және еуропадағы қауіпсіздік шараларына байланысты бүкіл шығыс еуропадан шығарылған әскери техниканың көпшілігі одақтың кезінде Қазақстанға әкелінген болатын.

Себебі ол кездегі еуропа елдерімен негізгі шарт ол әскери техниканың барлығы /шығыс еуропадан шығарылған/ Оралдың бер жағыны өту керек болған. Сондықтанда қазір Қазақстанда кеңес одағынан қалған өте көп әскери қоймалар бар. Қай көлемде әскери қару –жарақ барын Қорғаныс министрлігі де мемлекеттік мүлік комитеті де толық білмейді. Әскери техникаға түгендеу жүргізілмеген. Мәселен, Қарағанды облысында осыдан төрт жыл бұрын үлкен жарылыс болып, бір әскери қойма жойылып кетті. Соның себебін әлі ешкім анықтаған жоқ,» - дейді.

«Қанша қару-жарақ кетті. Қаншасы бар, қаншасы жоқ еді бәр сол бір жарылыспен жабылып кетті. Ал, осындай жағдай әскердің басында отырған адамдарға өте тиімді. Себебі ол қару-жарақты астыртын сатуға мүмкіншілік жасайды», дейді Алтынбек Сәрсенбаев.

Сәрсенбаев мырза мерзімі өтіп ескірген әскери техникаларды сату бір жағынан дұрыс. Бірақ сатпас бұрын алдымен бүкіл әскери мүлікті түгендеген жөн.

Ең алдымен қару-жарақтың жаңа түрлерін және пайдалану мерзімі ұзақ қару-жарақтарды алып, оны мемлекеттің меншігіне көшіру керек. Одан кейін қалғанын мүмкіндігінше сату керек. Бұл мәселені парламенттік бақылаудың негізінде жүзеге асыру керек деп есептейді.

Ал, саясаттану ғылымдарының докторы, пофессор Марат Биекенов басы артық тәскери техникаларды сатуға қарсы. «Экономика жағынан пайда табуды іздеу керек» дейді.

Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов, басы артық әскер техникаларды сатудың қауіпі бар деп есептейді. «Бір фирмадан келісіне өтіп, баяғыда 40 ұшақтың қайда кеткенін білмей қалдық» дейді депутат.

Осы мәселе Үкімет отырысында талқыланып жатқанда Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев Қазақстан-Қытай әскери техникалық ынтымақтастығы мәселелерін талқылау мақсатында Қытайдың Бейжің қаласына іс-сапарға аттанып кеткен болатын.
XS
SM
MD
LG