Accessibility links

Білім беру жүйесін дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің мәжілісі 2005-2015 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру бағдарламасын талқылады

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Көкектің 28-і күні Алматыда ҚР Парламенті Сенатының депутаттары мен Білім және ғылым министрлігінің мамандары, білім саласының қызметкерлерінің қатысуымен білім беру жүйесін дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің мәжілісі болып, онда 2005-2015 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру бағдарламасын іске асыру тетіктері мен қаржыландыру мәселелері талқыланды.

Білім саласындағы жаңа реформаларды жүзеге асыруға нақты қандай алғы шарттардың жасалынып жатқандығы және қанша қаржыны талап етіп отырғандығы жөнінде “Азаттық” радиосына Білім және ғылым министрінің орынбасары Нұралы Бектұрғанов мырза түсінік беруден бас тартып, Білім және ғылым министрлігінің Жоғары білім департаментінің директоры Болатбек Әбдірасылов мырзаға сілтеді.



-Қазір менің сұхбат беруге ешқандай мүмкіндігім жоқ. Болатбек Әбдірасыловтан сұраңыз. Болмайды, болмайды мені тосып отыр.

Болатбек Әбдірасылов мырзаның жауабы төмендегідей болды.

-Қаржыны біз есептеп жатырмыз. Жалпы былай айтқанда, бұл саланы қаржыландыруға қолдау бар. PHD философия докторларын дайындау біраз қаржыны талап етеді. Осы мәселелер үкімет сағатында қаралған. Қазір біз нақты қанша қаражат кететінін есептеп, оны қалай жұмсайтынымызды талқылап жатырмыз.

Кеңеске қатысушы түрлі қоғамдық ұйым өкілдері министрлік 2015 жылға дейін білім саласын дамыту тұжырымдамасын қабылдау барысында мемлекеттік емес ұйым өкілдерінің ұсыныстары мен пікірлеріне құлақ аспай, жолданған сын-ескертпелер ескерусіз қалдырғандығын тілге тиек етті. Бұл пікірге Білім министрлігінің маманы Майра Амантаева сын-ескертпелердің ескерілмеуі тікелей қаржы мәселесіне қатысты,- деген көзқарасын білдірді. -Ескерілмейтін мәселелер білім министрлігінің құзырына байланысты емес. Себебі, барлығы ақшаға байланысты. Білімге қатысты неше түрлі жақсы заңдар, документтер болды. Бірақ олардың бәрі де декларация түрінде орындалмай қалды. Қандай заң болсын, қандай документ болсын оның тағдыры қаржыға байланысты.

Осы орайда, сенатор Зәуреш Баталова Білім және ғылым министрлігінің маманы Майра Амантаеваның пікіріне өз көзқарасын былайша білдірді. -Қаржы деген мәселе көтеріліп жатыр, әрине дұрыс. Бұл жерде мәселенің екінші жағы бар. Қаржының жоқтығын бәрі біледі. Үкіметте біледі, білім саласының билігінің құзырында жүрген азаматтарда біледі. Сондықтан ақша жоқ табылмайтын мәселеге олар неге кіріседі? Мысалы, компьютерлендіру мәселесін қолға аламыз деп ұрандатқанда, біз электр желісі жоқ ауылды қалай компьютерлендіресіз? - деп айтқан болатынбыз.

Ал енді сол науқанды теледидардың экранынан, газеттің бетінен түспей пиар акция ретінде өткізді. Қазір енді көріп отырмыз нәтижесін. Бүгінгі 11 жылдық білім жүйесінде алдымыздан шығып отырған қаржы мәселесі ертең 12 жылдық болғанда мүлдем шешілмейді,- дейді сенатор Зәуреш Баталова.

-Бұл тағы бір қиын жағдай. Меніңше, кедергі неден болды? Бұрынғы білім беру заңымен жұмыс істей берген тиімді еді. Оған заман талабына сай өзгерістер мен толықтыруларды үкімет қаулысымен толықтырып отыру қажет еді. Министрліктегілер тұжырымдаманы өздері реттеп, өздері жасады. 2015 жылға дейінгі білімді дамыту тұжырымдамасы халықтың талқылауынан емес, министрліктің құзырынан шыққан құжат болып шықты,- дейді Зәуреш Баталова.

-Қоғамның бар ойы осы құжатта айтылды,- деп айта алмаймын.

Сондықтан да қаражатқа үлкен салмақ салатын бұл саланың қаржыландырылуы нәтижелі бола қоятындығына сенбеймін,- дейді сенатор Зәуреш Баталова ханым.
XS
SM
MD
LG