Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04 - 29 - 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қабылданбай қалған “БАҚ” туралы заң, Қазақстандағы коммунистердің арасындағы дау-дамай және мемлекеттік тіл мәселесі 29 көкек күні жарық көрген газеттер мен апталық басылымдардың баса назар аударған негізгі тақырыбына айналыпты.

Конституциялық кеңес Ата Заңға қайшы келеді деп қайтарып жіберген “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заңға” Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қоймай тастағаннан кейін, бұл тақырыпты талқылау мерзімді басылымдардың бетінде әлі жалғасып келеді. “Сөз” газеті өзінің соңғы санында осыған орай мақалалар топтамасын беріп, мұны демократиялық оппозицияның алғашқы және үлкен жеңісі ретінде бағалапты. Мақала авторы бұл жеңісті Батыс мемлекеттері мен халықаралық қауымдастықтың да сөз бостандығы мен демократияға сіңірген еңбегі деп бағалаған. Газет тілшісінің айтуынша, 1995 жылдан бері Қазақстандағы сөз бостандығы мен демократияғы қысым жасаудың салдарынан тек оппозиция ғана емес, сонымен қатар қарапайым халық та талай зардап шеккен. Сондай-ақ Ақпарат министрі Сауытбек Әбдірахманов “Сөз” газетінің бас редакторы Шәріп Құрақбаевтың осы мәселеге қатысты “сіздер неге тек Конституциялық кеңес пен президенттің шешімдерінен кейін ғана қателіктеріңізді мойындай қалдыңыздар” деп қойған сауалына: “Заң жобасының жекелеген баптарын біз әлі де қозғайтын боламыз, мысалы мемлекеттік тілдің телеарналардағы үлес салмағы тәуліктік кестесінде біркелкі орналасу керек деген талабымыз дұрыс деп ойлаймын. Ол талап бірақ мына шешіммен бірге қабылданбайын деп отыр” деп жауап қайтарыпты Ақпарат министрі Сауытбек Әбдірахманов. Журналист Гүлжан Ерғалиева осы газетте жарық көрген мақаласында Қазақстан Президенті Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң оның көңілінен шықпағандықтан емес, басқа амалы қалмағандықтан бұл заңға қол қоймауға мәжбүр болды деген ойын білдірген. Осы тақырыпты жалғастырған “Мегаполис” апталығы “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заңның” қабылданбай қоюын саяси партиялар, журналистік бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың жетістігі ретінде бағалапты. Мақала авторының айтуынша осы күштердің бірігіп жұмыс істеуінің арқасында биліктің бұқаралық ақпарат құралдарын қырағы бақалауға алатын заңы жүзеге аспай қалған. Мақала авторы заң осы күйінде қабылданып кеткенде, тәуелсіз басылымдардың басына қара бұлт үйіріліп, журналистердің ақпарат алу мүмкіндігі шектелер еді деген ойын жеткізген. Ал, “Время” апталығы болса таяу арада Алматыда кейбір тәуелсіз басылымдарды сатып алудың қиындай түсетіндігін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, қала әкімі Виктор Храпуновтың шешімімен алдағы уақытта газеттерді де тек белгілі бір коммерциялық киоскілерде сатуға ғана рұқсат етілетін болады. Газет тілшісі барлық өркениетті елдерде газет сатушылар еркін жұмыс істейді, ал газеттерді тек белгілі бір киоскілерде сатуға ғана рұқсат беру, оппозициялық бағыттағы кейбір басылымдарды таратуға шектеу қояды деп пайымдайды. Сонымен қатар бүгінгі таңдағы Қазақстандағы коммунистердің басшыларының арасындағы дау-дамай әлі бітпегендіктен, бұл тақырыпты талқылау да мерзімді басылымдарда жалғасын тауып келеді. “МК в Казахстане” басылымының бейсенбілік санында өткен аптада Астанада жаңадан құрылған Коммунистік партияның құрылтайының болып өткендігі хабарланыпты. Жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Коммунистік партиясының көсемдерінің бірі Владислав Косарев, таяуда Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдиннің жаңадан құрылған партияның бұрынғы атауды алып алғандығына қатысты Әділет министрлігіне шағымдануына көңіл де бөлгісі келмейтіндігін білдіріпті. “Начнем с понедельника” апталығы осы тақырыпқа айрықша көңіл бөліп “Коммунизм елесін қуушылар” атты мақала жариялапты. Жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Коммунистік партиясының оңтүстік Қазақстан облысындағы белсенділерінің бірі Әли Сабиров “өздерінің билікке қарсы емес, билікке жету үшін күресетіндіктерін мәлімдепті. Әли Сабиров егер де билік дұрыс шешімдер қабылдаса оны қолдау қажет деген ойын білдірген. “Жас алаш” және “Ана тілі” басылымдары депутаттықтан үміткер ұлты қазақ азаматтары міндетті түрде мемлекеттік тілді білсін деген ұсыныстың өтпей қалғандығына қатысты мақалалар жариялапты. “Жас алаш” басылымының бейсенбілік санында жарық көрген “Өтірік қалай өрге басты” деген мақалада осы мәселеге қатысты дауыс берген кезде қателіктің кеткендігі айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, дауыс беру барысында ақиқат бұрмаланған. “Ана тілі” апталығында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті студенттерінің республиканың барлық студент-жастарына жолдаған үндеуі жарық көріпті. Олар өз үндеулерінде күзгі Парламент сайлауына түсетін депутаттыққа үміткерлер мемлекеттік тілді білмесе оларға дауыс бермеуге шақырған.
XS
SM
MD
LG