Accessibility links

Астанада алғашқы рет халықаралық Каспий форумы өтіп жатыр. Басты тақырыптар: теңіздің құқықтық статусы мен ынтымақтастық болашығы.


Халықаралық форумға Каспий жағалауы мемлекеттерінің өкілдері толық жиналмай қалды. Түркменстан өкілі келген жоқ. Жиынды ұйымдастырушылардың мәліметінше, ол техникалық себептермен Қазақстанға жете алмай қалған. Қалған мемлекеттердің делегацияларын сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары бастап келді, тек Иран жағынан бұл форумға елші қатысты. Басты тақырып: теңіздің құқықтық статусы. Ресей федерациясының сыртқы істер министрінің орынбасары Виктор Калюжныйдың ойынша, теңізді бөлетін шекаралардың қажеті шамалы. Өйткені, оны күзету керек болады деді ол.

Каспий теңіз бе әлде көл ме, деген сұрақ тағы да көтерілді. Егер оның әлемдік мұхиттан бөлек екендігін ескерсек, онда Каспийді көл деп санау қажет. Бұл жағдайда, оны қоршап жатқан 5 мемлекет көл табанын сектор бойынша бөлуі жөн. Егер теңіз деп есептесе, онда халықаралық заңдарға сүйеніп, жағалаудағы елдерге 21 мың шақырымға жуық территория бөлініп, қалғаны бейтарап аймаққа жатқызылуы тиіс. Каспийге деген елдердің қызығушылығы американдық зерттеушілердің теңіз түбінде 200 млрд. баррель мұнай бар деген жорамалынан кейін арта түскен. Осы уақытқа дейін, теңізді сектор бойынша бөлген, кеңес одағы кезінде қабылданған заң жүзеге асырылып келген. Бұл орайда, Каспийдегі территория жағынан ең үлкен бөлігі Қазақстанның үлесіне тиеді. Одан соң Әзірбайжан, Түркменстан және Ресей тұр. Ең шағын территория Иранға тиесілі. Ираннның Қазақстандағы елшісі Мортеза Саффари кезекті рет Каспий ресурстарын тек кондоминимум тұрғысынан, яғни тең бөліп пайдалану қажеттігін айтты. Ал Қазақстандық сарапшы Дос Көшімнің пікірінше, Қазақстанға ранның көзқарасын ұстанған дұрыс.

-Ираннның көзқарасын қолдаймын. Тең бөліссе сол аквоторийде халықаралық құжаттармен қорғалады. Екінші жағынан Иранда өз территориясы қалады. Ең қиыны қалған 4 мемлекетте.

Бұл орайда, Иран мен Түркменстанның позициялары ұқсас. Екі мемлекетте Каспий байлығын тең пайдаланған дұрыс деген пікірді ұстанып отыр. Түркменстан теңіз табанын 20 пайыздан теңдей бөлісіп алуды ұсынған болатын. Ресей мен Қазақстан Каспий табанын орта сызық бойынша бөлуге келісіп отыр. Соңғы уақытта бұған Әзірбайжан да келісім берген. Әзірбайжан республикасының сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов бұған дейін Каспий ресурстарын бөлісу туралы сөз қозғалмайтын, қазір теңіз табанын бөлу туралы келіссөздер өткізуге болады деп мәлімдеді.

Каспий жаңалауы мемлекеттерінің тағы бір ортақ проблемасы - мұнай тасымалдау. Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктің мәліметінше, Қазақстан жыл сайын 150 млн. тонна мұнайды әлемдік базарға шығаруға мүдделі. Оның үштен екі бөлігін қазіргі мұнай құбырларымен тасымалдауға болады. Бірақ тағы 45 млн. тонна мұнайды сыртқа шығару мәселесі туындап отыр. Бұл орайда, Қазақстан, Қытай құбырын және басқа да бағыттарды пайдалануды жоспарлап отыр деді Владимир Школьник.

Ал, Қазақстандағы «Теңіз» кен орны мен Ресейдің Новороссийск портын қосатын мұнай құбыры Каспий мұнайын әлемдік базарға жеткізу үшін салынған. Каспий аймағындағы өткізу мүмкіншілігі ең жоғары құбыр Ресейдің меншігі болғандықтан, Ресей жағы мұнайдың едәуір көлемін өз территориясы арқылы өткізіп, транзиттен түсетін табысын ұлғайта беруге мүдделі екенін жасырмайды. Түркия өз мұнайқұбырын салуға ниет білдіріп отыр.
XS
SM
MD
LG