Accessibility links

Өзбек экстремизмі Орта Азия экстремизмінің қайнар көзі деуге бола ма?

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Бүгінде жасыратыны жоқ, Орта Азия Ауғанстанмен қосып есептегенде терроризмге қарсы күресте бір үлкен әлемдік аренаға айналып отыр. Орта Азияның терроризммен күрес ордасы екенін өткен айда Ташкент пен Бұхарада орын алған оқиғалар дәлелдей түсті. Өзбек үкіметі болса бұрын аты шықпаған бір Жамоат атты діни топты 47 кісі опат болған Ташкент, Бұхара оқиғаларына кінәлі деп біледі.

Бұл оқиғалар Орта Азия аймағының АҚШ көршілес Ауғанстанда талибан мен Ал Каида қалдықтарын төмпештеп жатқанына қарамастан әлі де біржола тынышталудан аулақ екенін көрсетті. Жамоат тобының айналып келгенде Өзбек үкіметін төңкергелі жүрген Өзбекстан Ислам Қозғалысы немесе Хизбут Тахрирмен мақсаттас екені айқындала бастады. Осы арада неге бұл діни ұйымдар Өзбек үкіметін төңкеруге құштар десек бұл сауалға Мәскеуде орналасқан Журналистер төтенше жағдайда атты орталық директоры Олег Панфилов былай деп жауап береді:

"Каримов режимі өзге бір идеологияның дамуына ең қатерлі режим. Оның қатерлі болатыны ол демократиялық оппозицияны жойды. Елде идеологиялық бос кеңістік пайда болды. Сөйтіп, Каримов өзін-өзі тұйыққа тіреді."

25 миллион халқы бар Өзбекстан аймақтағы әскер саны көп ел және Орта Азияның кіндік ортасына ораналасқан ел.

Екінші жағынан Өзбекстан Ислам Қозғалысы немесе Хизбут Тахрир ұйымдарының ең көп мүшелері кім дегенде де өзбектер екеніне көзіңіз жетеді. Яғни, бұл құбылыс мәселені еріксіз өзбек қоғамының ерекшелігіне тірейді деп біледі өзге бір маман. Ол Лондондағы Джеинс Сентинел ұйымының маманы Алекс Ватанка:

"Өзбекстан ислам Қозғалысы немесе Хизбут Тахрирды алсақ олардың екеуінің де құрамында өзбектер көп. Бұл бізге өзбек қоғамынан біршама хабар бергендей," - дейді бұл лондондық маман.

Нәтижесінде Өзбек үкіметінің түрмеге отырғызғандарының да барлығы дерлік өзбектер. Өзбекстан Ислам Қозғалысының басшылары да түгел өзбек. Ал, Хизбут Тахрир қозғалысына келер болсақ бұл ұйымды зерттеуге қиын ұйым. Өйткені олар ешуақытта үлкен топ құрмайды. Көзге ілінбейтін шағын-шағын топ құрап әрекет етеді. Алайда олардың ел ішіне тартқан үнпарақтарын Орта Азияның кез-келген түкпірінен табуға болады. Хизбут-Тахрир алайда күш көрсету әрекеттеріне барды деген әңгіме болған емес. Олардың мақсаты бейбіт үгіт жолымен Орта Азияда ислам халифатын құру. Сол үшінде олар Өзбекстанда ғана емес, Тәжікістан Қырғызстан, Қазақстанда да тұтқындала бастады.

Ал, Каримов режимінің аталмыш ислам қозғалыстарының қырына ілігуінің бір басты себебі Каримов үкіметінің ислам мемлекетін орнатпақ ислам қозғалыстарының жолында жатқан үлкен кедергі екендігінде дейді лондондық талдаушы Алекс Ватанка:

"Егер сіз Орта Азияға назар салар болсаңыз панисламистердің қай-қайсына дағы Каримовтың оңай кедергі емес екенін көрер едіңіз,"- дейді маман.
XS
SM
MD
LG