Accessibility links

Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы ресми тiркеуден өттi

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Мамыр айының 4-күнi Қазақстанда ресми түрде тағы бiр саяси партия пайда болды. Ол – Қазақстанның Демократиялық таңдауы халықтық партиясы. Бұл өздерiнiң саяси қадамдары бойынша қазiргi билiк жүйесiне қарсы екiншi оппозициялық партия болып саналады. Үстiмiздегi жылдың ақпан айының 21-де Алматы қаласында аталған партияның құрылтай съезi өткен күннен бастап, аталмыш партия жайында түрлi көзқарастар болған. Оппозиция тарапы “Саяси партиялар туралы” заңға сәйкес қанша қол жинасақ та билiк тiркеуден өткiзбейдi деген күдiктерiн айтса, кейбiр сарапшылар партияны тiркеуден өткiзедi деген болжамдарын бiлдiрген.

Қазақстанның әдiлет министрлiгi, тiркеу комитетiнiң төраға орынбасары Талғат Манаевтың айтуы бойынша, Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының тiркеу құжаттары заң талабына сай. “ Партияны тiркеуден өткiздiк. Сенатор Зәуреш Батталованың қолына тiркеу куәлiгiн табыс еттiк. Құжаттарының барлығы заңға сәйкес”,– дейдi Талғат Манаев. Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы саяси кеңесiнiң мүшесi, Қазақстан Парламентi Сенатының депутаты Зәуреш Батталова тiркеу комитетiнен ресми құжаттарын алған бойда, бiрiншi болып “Азаттық” радиосына сұхбат бердi: “ Тiркеу комитетiнiң төрағасы Мейрамбек Таймерденовтiң қолынан тiркеу куәлiгiн алдым. Бүгiннен бастап Қазақстанда тағы бiр саяси партия дүниеге келдi. Ол бiздiң Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы”. Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы тiркеу комитетiне көкектiң 20-күнi құжаттарын тапсырған болатын. Әдiлет министрлiгi Қазақстан Республикасының “Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу туралы” заңға сәйкес он жұмыс күнiнiң iшiнде шешiмiн шығарды. Аталған партия құжатпен қоса 72 мың 185 мың адамның қолын тапсырған.

Партияның лидерi, бұрынғы Павлодар облысының әкiмi Ғалымжан Жақиянов қазiр абақтыда отыр. Ол 2002 жылы мемлекеттiк қызметiн асыра пайдаланды деген айыппен жетi жыл бас бостандығынан айырылған болатын. Ал Қазақстандағы оппозициялық күштер мен халықаралық ұйымдар оған саяси тұтқын деп баға берiп отыр. Ғалымжан Жақияновтың түрмеде отырғанына екi жыл уақыт болды.
XS
SM
MD
LG