Accessibility links

Солтүстік Африкада бұқаралық ақпарат құралдарын қудалау жүріп жатыр

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Солтүстік Африканың мұсылман елдері өздеріндегі адам құқықтарын аяқ асты еткені үшін және бұқаралық ақпарат құралдарын қудалағаны үшін халықаралық дәрежеде өткір сындарға ұшырап отыр. Және бұл елдерде саяси экономикалық тоқыраудың да орын алып отырғаны белгілі.

Әлемнің көптеген елінде әлі де монарх пен президентті сынау қатерлі кәсіп. Мысалы, Марокко журналисі Али Лмрабет осы елдің патшасы Мохаммед пен оның отбасы туралы жазған мақаласы үшін түрменің төрінен бір-ақ табылды. Журналист өз мақаласымен патша отбасының намысына тиді делінді. Бұл жалғыз Мароккоға тән жағдай емес. Бұндай жағдаят жалпы Солтүстік Африка мұсылман елдеріне тән. Парижде орын тепкен шекарасыз тілшілер ұйымының өкілі Северин Газес бұ құбылысты былай түсіндіреді: "Бұнда кейбір елдерде реформа болады делінген. Кейбір журналистер түрмеден шығарылды. Бірақ, айналып келгенде Солтүстік Африка елдерінің денінде баспасөз бостандығы әлі де тым шектеулі"

Соған қарамастан журналистер, әсіресе, коррупция жемқорлық мәселесіне келгенде қатерге бас тігіп жазып жатады. Мысалы, Алжирдың Либерта газеті жуырда Алжир мемлекет басшыларының суретін топтап беріп оның астына ұрылар деп баттитып жазып қойды. Солтүстік Африканың бірі елі Ливия. Бұл ел жуырда ядролық бағдарламадан өз еркімен бас тартып бүкіл әлем назарын өзіне аударды. Соның арқасында, Ливия халықаралық оқшауланудан шыға бастады. Бұ жәйлі Шекарасыз тілшілер ұйымының өкілі Северин Газестің пікірі:

"Ливия уәдені көп беруде. Бірақ соған қарамастан бұл елде баспасөз бостандығы атымен жоқ. Барлық ақпарат құралын Ливия көсемі полковник Моаммар Каддафи қалтқысыз бақылап отыр." Еуроодақ болса осынау арабша Магреб аталатын теріскей Африканы 10 жылдан бері экономикалық тұрғыдан көтеруге ұмтылып келеді. Ол әрекет "Барселона диалогі" деп аталынады. Аймақтық талдаушы Еберхард Рейнге сөз берелік:

"Прогресс барлық тұрғыдан шабан, Еуроодаққа еніп жатқан елдермен салыстырғанда тым шабан."

Оның басты себебі осынау Солтүстік Африка елдерінде бүгінгі заманғы елдерге тән оқу-ағарту стандарттары яғни үлгілері жоқ дейді маман.

"Білім беру артта қалған. Бұл ең өкінішті де үлкен кемшілік."

Алайда тек кемшіліктерді ғана жіпке тізе беруге болмайды дейді ол. Аздап та болса алға жылжуларды да көру керек. Мысалы, Алжирде исламшылдар шубуылы толастады. Ливия болса халықаралық қауымдастық аясына бет бұрды. Ал, Марокко патшасы болса елге реформа қажет екенін түсінуге жақын. "Барселона кездесуінен бері артқа шегіну жоқ, алай да алға жылжу да мардымсыз. Біз жабылып сол үдерісті қалай тездетеміз мәселе сонда " дейді талдаушы.
XS
SM
MD
LG