Accessibility links

Сотталушы ауызын тігіп, сот шешіміне наразылық білдіруде


Ақтөбе облысындағы КА168/2 колониясында жазасын өтеп жатқан Дмитрий Рейхерт өзінің сот шешіміне наразылығын тамақ ішуден бас тартып ауызын тігіп тастаумен білдірген.

Бұл оқиғаға байланысты түсінік берген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комиетінің баспасөз хатшысы Әлімжан Жарылқағановтың айтуына қарағанда қазіргі уақытта сотталушының жағдайы қанағаттанарлық, алайда, жазасын өтеуші тамақ ішуден бас тарту әрекетінен айнымай отыр. «Аса ауыр қылмыс жасағаны үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған Ақтөбе қаласындағы КА168/2 түзету мекемесінде отырған 18 жастағы сотталған азамат кешеден бастап тамақ ішуден бас тартты және ол ауыз қуысын тігіп тастаған. Бұл жерде айту керек, түзеу мекемесінің әкімшілігіне тағар кінәсі жоқ. Ол жайында сотталған өзінің шағым хатында мазмұндаған. Бұл іске барған себебі соттың үкімімен келіспегендігі екен. Сотталған оған дейін әртүрлі инстанцияларға шағым хаттарын жазған. Дегенмен де қанағаттанарлық жауап ала алмаған. Ақтөбе қаласындағы түзу мекемесінің бізге жіберген қағазына қарағанда сотталғанның жағдайы қазіргі сәтте қанағаттанарлық,»- дейді Әлімжан Жарылқағанов. Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Жеміс Тұрмағанбетова сотталушының кінәсі толық зерттелмген деген пікір білдіріп отыр. «Жоғары соттан күткен нәтижесіндей жауапты ала алмай, ауызын тігіп, ол балалық жасап отыр. Әуелден ол істі мен қараған кезде ол баланың кінәсі толық зерттелмеген. Кінәлі ме кінәлі емес пе. Тергеудің қатесі мінекей соттың қатесіне келтіріп отыр деген осы » дейді Жеміс Тұрмағанбетова. Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты баспасөз қызметінің бас маманы Айгүл Малдыбаеваның айтуынша, Ақтөбе облыстық соты 2002 жылдың наурыз айының алтысында Дмитрий Рейхертті Қылмыстық кодекстің 111-ші бабыбының 1-тармағы және 96-баптың 2-тармағы бойынша кінәлі деп тауып 10 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім еткен. «2002 жылдың мамыр айының 22-інде Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасының қаулысымен аталған іс өндірісі Қылмыстық кодекстің 111 бабының тармағы бойынша тоқтатылып, ал, 96-баптың тармағы бойынша соттау үкімі өзгеріссіз қалдырырылған. Аппеляциялық шағым қанағаттандырылмаған» дейді Жоғары сот баспасөз қызметінің бас маманы Айгүл Малдыбаева. Ресми деректерге қарағанда сөз болып отырған сотталушы Дмитрий Рейхерт 1986 жылы Ақтөбе қаласында туылған. 8 жылдық білімі бар.
XS
SM
MD
LG