Accessibility links

Ғ. Жақиновқа бостандық берiлуiн талап еткен шеру Құсмұрын абақтысына шейiн барды.


2001 жылдың күзiнде Қазақстанның демократиялық қозғалысы құрылғаннан кейiн оның жетекшiлерiнiң бiрi, Павлодар облысының сол кездегi әкiмi Ғалымжан Жақияновтың үстiнен қылмыстық iс қозғалып, ақырында ол 7 жылға сотталып кеткен-дi. Қостанай өңiрiндегi Құсмұрын абақтысында жазасын өтеп жатқан Ғалымжан Жақиянов бүгiнгi таңда Қазақстанның демократиялық таңдауы /ҚДТ/ халықтық партиясының лидерi ретiнде де танылып отыр. ҚДТ-ның белсендiлерi көкектiң 8-iнде Ғалымжан Жақияновқа бостандық берiлуiн талап еткен шеру ұйымдастырды. Бұл—оның туған күнi болатын.

13 мыңдай тұрғыны бар, ұзыннан көсiлiп бiрнеше шақырымға созылып жатқан Құсмұрын елдi мекенiн Ленин көшесi қаққа бөледi. Жетi шақырым жердегi абақтыға шығаратын жол да осы көшеден бастау алады. Шеру болатын күнi сағат 10-ның шамасында көшенiң екi шетi тұйықталып, мектеп оқушыларының жеңiл атлетикалық жарысы едел-жедел басталып кеттi. Сөйтiп, жолы кесiлген шерушiлердiң сағат 16-ға дейiн күтеуiне тура келдi. Ал Қостанайдан шыққандардың көлiгiн полиция төрт сағат бойы жолда ұстап, жiбермей қойған. Ақыры, Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының, компартияның, «Поколение» қозғалысының және Қазақстанның Отаншыл жастар одағының Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Темiртау, Рудный қалаларынан келген 300-дей өкiлi арада алты сағат өткенде Ғалымжан Жақиянов отырған абақтыны бетке алып жолға шықты. Шеруге қатысушыларды жол-жөнекей сөзге тарттық. Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы Астана бөлiмшесi хатшысының орынбасары Мәукен Омаров: «Ғалымжан Жақияновтың беделi халық арасында күнен-күнге өсiп келедi. Мұны партия қатарына өтушiлердiң күрт көбейгендiгiнен көруге болады. Тiптi, партия мемлекеттiк тiкеуге алынғаннан бергi үш-төрт күнде осындай ниетпен келгендердi тiзiмдеп үлгере алмай жатырмыз», -- дедi. Ал Қазақстанның Отаншыл жастар одағының белсендiлерi Ғалымжан Жақияновты саяси тұтқын деп танитындықтарын, сондықтан, Құсмұрындағы шеруге қатысуды өздерiне парыз деп санайтындықтарын айтса, Қазақстанның Демократиялық таңдауы халықтық партиясының мүшесi Нұрсұлтан Ескендiров қазiргi режимiнiң соңғы күнi тақалған сайын Жақияновты абақтыдан шығаруды талап еткен қозғалыс күшейе түсуде деген пiкiр бiлдiрдi. Шерушiлер Құсмұрынның орталық көшесiнiң бiр қапталын жиектей отырып, ауыл шетiне шыққан кейiн ғана Ғалымжан Жақияновқа бостандық берiлуiн талап ететiн ұрандар мен Жақияновтың портреттерiн көтерiп жүрдi. Екi орта жазықтық болғандықтан мұның заңға қайшы келмейтiндiгi алдын-ала ескерiлген болатын. Сенатор Зәуреш Батталова шерудiң алдында Ғалымжан Жақияновқа жолығып қайтқан-ды. Айтуынша, Ғалымжан Жақиянов сыртқы дүниеден бейхабар: «Қазақстанның Демократиялық таңдауы халықтық партиясы тiзiмге алынған соң дереу Ғалымжанға жеделхат жолдағанбыз. Соның өзi қолына тимеген. ҚДТ-ның мемлекеттiк тiркеуге алынғанын менен естiп қатты қуанды. Осы партияның басы-қасында жүрген белсендiлерi мен мүшелерiне сәт-сапар тiледi. Өкiнiшке қарай, бiздi 15 адам бақылап отырғандықтан саясат туралы сөйлесе алмадық. Өзiнiң айтуынша, денсаулығы дұрыс, бiрақ, тым жүдеу болып көрiндi». 1 сағаттан астам уақыт өткенде абақтының алдына келiп жеткен шерушiлер, Ғалымжан Жақияновты кернейлетiп туған күнiмен құттықтады. Оның соңы оған бостандық берудi талап еткен митингiге ұласты. Сәл кешiрек, ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Төлен Тоқтасынов та абақтыға кiрiп, Қазақстанның Демократиялық таңдауы партиясының серкесiмен кездесiп шықты. Ғалымжан Жақиянов шерушiлердiң «Жақиновқа бостандық берiлсiн!» деген ұрандары мен құттықтау сөздерi қапаста отырғандарға естiлгенiн айтып, ризашылық бiлдiрiптi. Естерiңiзге сала кетейiк, бұдан бұрын Алматы және Семей қалаларында Ғалымжан Жақияновқа бостандық берудi талап еткен саяси акциялар өткiзiлген-дi. «Көкектiң 8-i күнгi шеру -- солармен бiр тiзбектегi шара. Ендiгi мақсат мұны халықтық қозғалысқа айналдыру. Өйткенi, Ғалымжан Жақиянов саяси тұтқын», -- дейдi шерудi ұйымдастырушылар.
XS
SM
MD
LG