Accessibility links

2004 жылға арналған республикалық бюджет нақтылану үстінде

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың наурыз айындағы жолдауына байланысты 2004 жылға арналған республикалық бюджет Үкіметте қайта қаралып нақтыланды. Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтің айтуынша жалпы ішкі өнімнің көлемі бекітілген төрт триллион сегіз жүз жетпіс жеті миллиард теңгенің орнына бес триллион сексен үш миллиард теңге болған. Республикалық бюджеттің қайта қаралуына сеп болған, ең бастысы бұл – Президент жолдауындағы тұрғын үй бағдарламасына қатысты. Өздеріңізге мәлім Қазақстан Президенті шаршы метрі 350 АҚШ долларынан аспайтын тұрғын үй бағдарламасы әзірленеді деген болатын. Экономика министрінің айтуынша, Үкіметте бекітілген тұрғын үй бағдарламасы Ұлттық кеңесте талқыланбақ.



Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов биылғы жылы жаңа тұрғын үй саясатын іске асыруға 20,4 миллиард теңге бөлінетіндігін айтты. Оның ішінде Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне тұрғын үй салу үшін несие беруге 12,5 миллиард бөліп отыр екен. Ал «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайтуға бюджеттен бір жарым миллиард теңге аударып отырғандығын айтады Экономика министрі.



Қазір орта есеппен Астана және Алматы қалаларында салынып жатқан тұрғын үйлердің шаршы метрі 800-900 АҚШ доллары болып тұрғанда, Үкіметтің «Тұрғын үй» бағдарламасындағы шаршы метрі 350 доллардан артық емес тұрғын үйлер салу жөніндгі көрсеткішке көптеген сарапшылар күмән келтірген болатын. Бірақ Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов шаршы метрі 350 доллардан аспайтын тұрғын үйлер анық салынатындығына сенімді. «Орташа баға нақты 350 доллар болады. Бірақ та төрт аймағымыз бар. Олар Астана, Алматы және Ақтау мен Атырау қалалары. Онда құрылыс материалдарының бағасы қымбат. Сондықтан бұл қалаларды тұрғын үйлердің шаршы метрі 450 доллардан аспайтын болады»,–дейді Қайрат Келімбетов.



Алайда Парламент депутаттарының алдында есеп бере тұрып, Экономика министрі аталған тұрғын үй бағдарламасының жобасымен таныстырған жоқ. Мәжіліс депутаты Ғалым Байназаров Егер Үкімет үйдің арзандауына қосымша бағдарламаларды жүзеге асырса ғана сенуге болады дейді. «Бұл жөнінде бізде әлі дұрыс мағлұмат жоқ. Егер де бұл бағдарламада Үкімет өзінің бюджетімен қатынасатын болса, тікелей қаржыландыру емес, несие беру жүйелерін жасаса, арзан үйлерден басқа бағдарламаларға қатынасатын болса, үйдің арзандауына, аталған бағдарламаның жүзеге асатынына сенуге болады»,– дейді депутат Ғалым Байназаров.



Олай болмаған жағдайда, Үкіметтің әзірлеген бағдарламасы жүзеге асуы мүмкін емес,– дейді депутат Ғалым Байназаров.



Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Хайрат Шалабаевтың айтуынша, тұрғын үй бағдарламасымен қоса нақты ереже керек.



Естеріңізде болса, бұрынғы Қаржы министрі Ерболат Досаев жергілікті жерлерге тұрғын үй салу үшін бір млрд. тай ақша бөлеміз деген-тін. Алайда Хайрат Шалабаев бұл жөнінде жергілікті халық ешқандай мағлұмат білмейді дейді.



Енді бір Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаевтың айтуынша, шаршы метрі 350 доллардан да аз болатын тұрғын үйлер салуға болады. «Менің ойымша Астанада да Алматыда да ондай үйлер салуға болады. Бірақ та ол үшін жақсы бағдарлама жасау керек. Біріншіден көп қаражат жерге кетеді. Оның бәрін бюджетке көшіруге болады. Бірақ та біз әлеуметтік тұрғын үй салсақ, онда оған Үкіметтің қаражатын жұмсау керек»,–дейді Әлібаев.



Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев сонымен қатар ең алдымен құрылыс саласындағы коррупцияны жою керектігін айтады: «Құрылыс қазір ең дамып тұрған сала болып кетті. Әуелі құрылыс жағында коррупцияны тоқтату керек».



Экономика министрі Қайрат Келімбетов болса, жылдың аяғына дейін тұрғын үй бағдарламасының құрылысы іске қосылатындығын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG