Accessibility links

Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының есебі бойынша Қазақстандағы кедейліктің негізгі себептері жұмыссыздық пен жалақы деңгейінің төмендігінде


Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Фикрет Акчура республикада кедейшілікті азайту жөніндегі арнайы қор ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр.

Ол жайында Ф.Акчура мырза мамырдың 13-і күні «Қазақстандағы кейшіліктің себептері мен оларды шешу жолдары туралы» Біріккен Ұлттар Ұймының Даму бағдарламасы есебінің тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде айтты.

Есепте 1998-2002 жылдардағы мәліметтер талданған.

Аталған құжат Қазақстанда кейінгі жылдары экономикалық өсу болғанымен, 2002 жылы Қазақстан халықының 24 пайызы кедейлік күйін кешкенін, олардың табыстары айына 4761 теңгені немесе 31 АҚШ долларын құрап, күнкөріс шегінен төмен болғанын көрсетеді.

Ал, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда республикада 3,5 миллионнан аса адам әлеуметтік қамсыздандырумен қамтылған. Бұл барлық тұрғындардың 23,6 пайызы екен. 1999 жылға қарағанда 2004 жылы әлеуметтік қамсыздандыруға шығыстар 1,5 есе көбейіпті.

Қазақстандағы кедейшіліктің себептері және оларды шешу жолдары туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының есебіне сүйенсек, кедейліктің негізгі себептері жұмыссыздық пен жалақы деңгейінің төмендігінде.

Біріккен ұлттар ұйымы даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Фикрет Акчура Қазқастанда кедейшілік әлі де үлкен проблема болып отырғанын айтады. Оның айтуынша, 2002 жылы Қазақстанда әрбір төртінші адам кедейшілік шегінде өмір сүрген. Акчура мырза, кедейшілікті тудыратын әлеуметтік себептерді жою үшін Қазақстанда мақсатты бағдарламалар дайындалуы қажет деп есептейді.

Ал, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуына қарағанда, бүгінгі күнге дейін республикада халықтың жағдайын жақсартуға баығтталған 47 мемлекеттік және салалық бағдарлама жұмыс жасайды. Оның нәтижесі де жоқ емес дейді. Алайда, ол кедейшілікті тудыратын бірнеше себептердің барын жоққа шығармайды.

«Біріншіден, зейнетақының, жәрдемақының және жалақының төмендігі. Екіншіден, әлі де болса жұмыссыздықтың бары, үшіншіден, әлеуметтік қорғау жүйесінің әлі де болса дами қоймауы» деді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Серікболсын Әбділдин аталған есептегі мәліметтер шынайы жағдайды көрсетпейді деген пікірде. Жыл сайын есеп-қисапта күнкөрісі төмен адамдарды азайтып көрсеткенмен одан олар кеміп жатқан жоқ дейді.

Депутат Әбілдин есепті төменгі деңгейдегі тұтыну карзинасына сүйеніп жасамай, ел байлығының мүмкіндігіне қарай жасалуы керек деп есептейді. «Біздің елімізде 50 миллион тонна мұнай өндіріледі. 15 миллионға жетпейтін халық бар. Адам басына шаққанда 3,5 тоннадан артық мұнай өндіріледі. Мұндай ел бай болуы керек» дейді.

Мәжілістің тағы бір депутаты Секібай Әлібаевтің пікірінше, орта есеппен 70 пайыздай халықты кедейге жатқызуға болады. Ең қиын мәселе жұмыс істегендердің өздері кедей дейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда 1999 жылмен 2004 жылдың аралығында жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға кеміген. Ал, осы жылдың басынан бері жұмыссыздар саны 8,8 пайызды құраған.
XS
SM
MD
LG