Accessibility links

Алматыда болған жарылысты терорлық әрекет деп айтуға негіз жоқ

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Сәрсенбі күні болған жарылыс Алматыда соңғы бір ай ішінде орын алған үшінші оқиға. Алғашқы екі жарылыстың бірі - түнгі клубта, екіншісі - темір жол вокзалында болғаны туралы жергілікті ақпарат құралдарында аз-кем жазылғанымен, зардап шеккен адам шығыны туралы айтылған жоқ болатын. Алайда Алматының ортасында орын алған бұл жолғы жарылыстың өзгешелігі - 30 жас шамасындағы ер азамат қаза тапты.

Осы орайда айта кетейік, жарылыс болған жерде ҚР президентінің құдасы Асқар Құлыбаевтың “Жібек жолы” компаниясының кеңсесі мен Израил елшілігі орналасқан.

“Время” газетінің интернет парақшасы таратқан мәліметке қарағанда, жарылыс болардан аз уақыт бұрын “Жібек жолы” компаниясының президенті ҚР президентінің құдасы Асқар Құлыбаев мырза өз оққағарларымен көлігінен түсіп, кеңсесіне келе жатқан. Оларға бір азамат қарсы жолыққан.

Алайда бұл азамат Асқар Құлыбаев мырзаның оққағарларына күдік туғызған. Оққағарлар қарсы жолыққан азаматты қағып үлгерген. Арада аз уақыт өтпей-ақ жарылыс болып, оқиға орнында жаңағы азамат зардап шеккен. Осы келтірілген деректердің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында “Жібек жолы” компаниясына қоңырау шалғанымызда хатшы қыз президенттің орнында жоқ екендігін айтып, аталған компания президентінің орынбасары Болат Сайлауұлы Мұхамеджановқа сілтеді.

Болат Мұхамеджанов мырзадан істің анық-қанығын неге құқық қорғау органдарынан білмейсіңдер? Мен ештеңе білмеймін. Жұмысқа жаңа келіп отырмын,- деген жауап алдық.

-Өзім де түк түсінбей отырмын. Милициядан сұрамайсың ба әлде басқа адамдардан сұрайсың ба білмеймін.

Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасы бастығының орынбасары Марат Қожанов мырзаның айтуынша, орын алған оқиғаны терорлық әрекет,- деп айтуға әзірге ешқандай негіз жоқ.

Бұл оқиғаға қазақстандық сарапшылар мен саясаткерлер қандай баға беруде? Саясаткер Сейдахмет Құттықадамның пікірі төмендегідей болды. -Жарылыстың себебі әртүрлі болуы мүмкін. Келешекте Қазақстанда терорлық әрекеттер пайда болуы мүмкін. Себебі, Қазақстанды көршілес Өзбекстаннан, Тәжікстаннан бөле алмаймыз. Мұндай жағдайларға дайын болуымыз керек. Мұндай жағдайға халықтың әсері үлкен.

Ал сарапшы маман Бөріхан Нұрмұханбетов былай дейді:

-Менің ойымша бұл ешқандай да терорлық әрекет емес. Оқиғаға баға беруге де әлі ертерек.

Саясаткер Берік Әбдіғалиев:

-Әрине, бәрі де мүмкін. Дүниежүзінде болып жатқан оқиғалардың Қазақстанға келуі әбден мүмкін. Бірақ әрбір болған жарылысты, оқиғаларды, адам шығынын саясатпен байланыстыра беруге болмайды. Өйткені тероризмнің бірінші белгілері саясатпен байланысты. Бұл қылмыстық жолдағы іс пе ол жағы белгісіз ғой.
XS
SM
MD
LG