Accessibility links

«Болашақ» бағдарламасының талаптарына өзгертулер енгізілді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Болашақ» халықаралық степендиясына өзгерістер енгізілді. Енді мемлекеттік грант негізінде шетелге оқығысы келетін жастар жаңа талаптарға сәйкес конкурстан өтеді. Үсіміздегі жылы 2005-2006 оқу жылына «Болашақ» степендиясы бойынша оқуға үміткерлерді іріктеу басталады.

Тағы бір жаңалық –биылғы үміткерлер үшін шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссиясының құрамынан Президент әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовті, бұрынғы Білім және ғылым министрі Шәмшә Беркімбаеваны, Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбековті және бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті комиссия құрамынан шығарды.

Білім және ғылым министрінің деректеріне сүйенсек, соңғы он жылдың ішінде Қазақстанның 700 ден астам азаматы «Болашақ» степендиясының иегері болған. Қазір оның 500-ге жуығы шетелдегі оқуларын бітіріп, Қазақстанда қызмет етіп жатқан көрінеді. Ал Мемлекет басшысының соңғы жарлығына сәйкес Білім және ғылым министрі Жақсыбек Күлекеевтің айтуынша, «Болашақ» халықаралық степендиясына енгізілген өзгерістердің бірі – шетелде PhD яғни докторларды оқыту бағдарламасы бойынша даярлауды енгізу. «Биылдан бастап тек ғана шетелге магистрларды дайындау емес, біздің тұжырымдамамызға байланысты докторлық атақ алуға да мүмкіндік берейін деп отырмыз», – дейді Білім министрі.

Екінші бір енгізілген өзгерту «Болашақ» бағдарламасы бойынша бітіріп келген жастар мемлекеттік қызметтерде ғана емес, енді жеке құрылымдарда да қызмет істейтін болады.

Сонымен қатар Білім министрі «Болашақ» степендиясының иегерлері шетелдің тек ең үздік деген оқу орындарында оқитын болады дейді. Соңғы енгізілген өзгертулердің бірі бұрын «Болашақ» бағдарламасына үміткерлер Қазақстандағы жоғары оқу орнын тек қызыл дипломмен ғана бітіргендер болса, енді оқу орнын жақсымен бітірген азаматтар да «Болашақ» степендиясы үшін бағын сынай алады. Бұрын үміткерлерді іріктеу екінші жарты жылдықта жүретін болса, қазір бірінші жарты жылдықта іске асыратын көрінеді.

Білім министрі Жақсыбек Күлекеев «Болашақ» степендиясын жеңіп алғандар оқуын бітірген соң Қазақстанда оралу міндетті деген келісім-шартқа отырады дейді. Олай болмаған жағдайда Мемлекеттің шығарған шығынын студент толығымен төлеуге тиіс екен. Министрдің айтуынша, «Болашақ» бағдарламасымен шетелге барып, сонда қалып қойған жастардың ұзын-саны 20-ға жуық. Қазір соның 16-сы оқу ақшасын қайтарып жатыр, ал 4-еуі толығымен қайтарды дейді. Осы мәселеге байланысты Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Зәуреш Батталова соңғы он жылдың ішінде Үкімет «Болашақ» бағдарламсы бойынша шетелде білім алған азаматтардың қандай қызметте, не іс тындырып жүргендігі жайында бірде-бір есеп берген емес дегенді айтады. «Мен осы «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келіп, жұмысқа орналасайын деп жүрген жастармен кезіккен болатынмын. Бұларды мемлекеттің құзырынан қаржы бөлгендіктен жұмыспен қамтамасыз ету керек қой. Мемлекет тарапынан осы мәселе әлі дұрыс шешілмеген көрінеді», –дейді сенатор Зәуреш Батталова. Ал «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ақпараттық-сараптама қызметінің директоры Ғалым Боқаштың пікірінше, «Болашақ» степендиясына жастарды сұрыптау әділ жүрмейді. «Болашақпен қазір кім кетіп жатыр?! Бай-манаптың баласы кетіп жатыр. Сұрыптау мәселесіне келгенде қатаң ереже қою керек. Өйткені қазір «Болашақпен» оқып жүргендерді көріп жүрміз, Америкаға кеткендердің тең жартысы қайтпай қалған. Тұрмысқа шығып кеткен. Біреулері азаматтық алып қалып қойған»,– дейді Ғалым Боқаш.

Енді осы «Болашақ» бағдарламасы бойынша екі жыл Париждің Сорбонна университетінде білім алған, Қазақстандағы Жастар Конгресінің төрағасы Арын Орсариев «Болашақ» бағдарламасына енгізілген соңғы өзгерістерді қолдайтындығын білдіреді. Өйткені аталған бағдарламамен оқып келген жастардың көбі, мемлекеттік қызметте істеп жүр деген аты болмаса, көбісі жеке кәсіпкерлікпен айналысады не болмаса жеке компанияларда, фирмаларда қызмет істеп жүр дейді. Арын Орсариевтің айтуынша, «Болашақ» бағдарламасымен шетелге барған жастар көбінесе екі жағдайда қалатындығын айтады. Біріншісінде, Отанына деген патриоттық сезім жоқ, ал екіншісі онда талапты студенттерге көбінесе үлкен жалақымен жақсы қызмет ұсынады. Көпшілік жастар осыған қызығып шетелде қалып қояды дейді. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқығысы келетін жастар интернеттің www.bolashak.kz веб сайты арқылы анықтамалар алуға болатындығын айтып кеткен жөн.
XS
SM
MD
LG