Accessibility links

“Қазақмыс” корпорациясының N67 шахтасында болған өрт салдарынан екі адам опат болды


ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің Қарағанды облыстық басқармасының қызметкері Наталья Викторованың айтуынша, “Қазақмыс” корпорациясының Қ.Сәтпаев қаласындағы N67 шахтаcындағы мамырдың 17-сі күнгі өрт жергілікті уақыт бойынша күндізгі сағат 11-30 да болған.

Бір сағаттан кейін оқиға орынына келген өрт сөндірушілер он адамды құтқарған. Зардап шеккен 4 адам ауруханаға жатқызылып, оқиға салдарынан 36 жастағы инженер мен 45 жастағы рудакөтергіш машинис опат болған. Наталья Викторованың дерегіне сүйенсек, жараланғандардың үшеуі шахта жұмысшысы, оларға иіс тиіп қалған. Ал төртінші зардап шегуші - құтқару отряды бөлімшесінің командирі ауыр жағдайда реанимацияда жатыр. Орын алған оқиғаға байланысты біздер “Қазақмыс” корпорациясының Алматыдағы кеңсесіне телефон шалғанымызда корпорация президенті орында жоқ болып шықты. Хатшы қыз аталған мәселеге байланысты түсінікті Жезқазғандағы “Қазақмыс” корпорациясы өкілдерінен алатынымызды жеткізді. Жезқазғандағы “Қазақмыс” корпорациясының президенті де орнынан табылмай, хатшы қыз президенттің кеңесшісі Эльвира Исаева ханымға сілтеді. Эльвира Исаева ханым “Қазақмыс” корпорациясының Қ.Сәтпаев қаласындағы N67 шахтасында болған өртті “Азаттық” радиосы тілшісінен естіп отырғандығын, өзінің оқиғадан хабарсыз екендігін айтып, телефон тұтқасын тастап жіберді. ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің Қарағанды облысы бойынша басқармасы қызметкерінің айтуынша өрттің аумағы 2 сағат ішінде 650 шаршы метр жерді қамтыған. Алдын-ала жорамал бойынша өрттің шығуына өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауы себеп болған. Сол күні шахтада темір кесумен байланысты дәнекерлеу жұмыстары жүргізілген. Орын алған қайғылы оқиғадан кейін, шахта жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазір тексеру ісі жүргізіліп, өрттен келген шығынның көлемі анықталуда.
XS
SM
MD
LG