Accessibility links

Халықаралық ұйымдар адам саудасына алаңдаушылық білдіріп отыр

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары Жақып Асановтың айтуынша, Қазақстанда 2003 жылы адам сату әрекеті бойынша 8 қылмыстық іс қозғалған. Ал, осы жылдың бірінші тоқсанында 110 қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жауапкершілікке тартылуда. Оның пікірінше, адам саудасының құрбаны болатындар жұмыссыздар.

Қазақстандағы Халықаралық көші–қон ұйымы өкілдігінің жетекшісі Микаэль Чанц, «азаматтар көп қаржы табу жолдарын іздейді, бірақ олардың бәрінің бірдей жолы бола бермейді. Олар Қазақстанға қарағанда еңбекақысы жоғары елдердің барын біледі. Мол табыс табуды іздейтіндер жалғызілікті аналар, әлеуметтік жағдайы әлсіздер. Мұндай жандар алдамшы ұсыныстарға тап болып жатады. Қазақстанда тіпті Орта Азия мен тәуелсіз мемлекеттер достастығы шеңберінде алдарқату жолымен адам күшін пайдаланғандар жазаланған жоқ» дейді. Микаэль Чанцтің пікірінше, Қазақстанның заңдық базасы әлсіз. Көп адамды алдаған адамдардың тергеушіге, сотқа пара беретін ақшасы көп. Осыдан Қазақстанда және басқа елдерде жазаланбау ахуалы бар дейді ол. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волковтың айтуынша, Қазақстанның шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктері өткен жылы 24 Қазақстан азаматының елге қайтуына көмек көрсеткен. Ал, биылғы жылы осындай 16 азаматтың Қазақстанға қайтуына көмек жасалыпты. Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы сөз болып отырған проблеманы Қазақстанның күні бүгінге дейін мойындамай келе жатқанын айтады. Ал, ресми деректер адам саудасының қару және есірткі саудасына кейін үшінші орын алатынын көрсетіп отыр.
XS
SM
MD
LG