Accessibility links

Парламент мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінекеев «Ақ жол» партиясын Хартиядан шығару керек дейді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Азаматтық партиясының мүшесі Мұхтар Тінекеев «Ақ жол» партиясы тең төрағаларының бірі Болат Әбілов мамырдың 4-күні барлық партиялар қол қойған сайлау кезіндегі саяси бәсекенің тазалығы жөніндегі Хартияның ережелерін бұзды деп айып тағып отыр.

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Азаматтық партиясының мүшесі Мұхтар Тінекеев мамырдың 16- күні 31-телеарнадан берілген «Центр внимание» бағдарламасында «Ақ жол» партиясы тең төрағаларының бірі Болат Әбіловті менің және Парламенттегі әріптестерімнің ар-ожданына тиетін сөздер айтты деп айыптады. Оның айтуынша, аталған бағдарламада Болат Әбілов журналистің «Орталық сайлау комиссиясының жұмысы сізді қанағаттандырады ма?» деген сауалына, «Парламентте отырған депутаттардың 90 пайызын халық сайламағандығын, Зағипа Балиева мен әкімдердің таңдаған депутаттары отырғандығын жақсы білеміз. Сайлау жүйесі нағыз коррупция. Мысалы Қарғандыдағы жолдастарымның аузынан Мұхтар Тінекеев сайлауға түсер кезде 50 мың АҚШ долларын жергілікті әкімдіктерге, тағы бір 50 мың АҚШ долларын Астанаға апарып беру үшін 100 мың АҚШ доллар сұрастырып жүр дегенді естідім»,– деп жауап берген «Ақ жол» партиясы тең төрғаларының бірі Болат Әбілов.

Мұхтар Тінекеев Болат Әбіловтің бұл сөздері өздері қол қойған саяси партиялардың сайлаудағы әділ бәсекесі жөніндегі Хартияның ережесін бұзып отыр деп есептейді. Ол Хартияда «сайлау кезінде саяси партиялар жалған технологияға жол бермейді, бір-бірлері жайында жалған ақпарат бермейді және бұқаралық ақпарат құралдарына барлығының да бірдей сөз алуларына құқығы бар» делінген. Сондықтан да Мұхтар Тінеккев «Ақ жол» партиясын аталған Хартиядан шығарып тастауын сұрап отыр.

Жоғарыдағы Мұхтар Тінекеевтің қойып отырған мәселелеріне байланысты «Ақ жол» партиясы тең төрағаларының бірі Болат Әбіловке хабарласқанымзда, оның көмекшісі кездесулер өткізіп жатқандығын айтты. Сондықтан да «Ақ жол» партиясының тағы бір тең төрағаларының бірі Әлихан Бәйменовке хабарласуға тура келді. Әлихан Бәйменов Хартия тек алдағы Парламент сайлауына қатысты екендігін, өткен Парламент Мәжілісінің ісіне қатысты Хартияда айтылмағандығын, сондықтан да Болат Әбілов көтерген мәселе мен Хартияның арасындай ешқандай байланыс жоқ екендігін тілге тиек етті.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешов енді сайлау науқаны алдында Орталық сайлау комиссиясының атына орынды-орынсыз түрлі сындар айту басталады дейді. «Енді алдағы уақытта Орталық сайлау комиссиясы жөнінде сондай әңгімелер болса, біз заңды түрде ешнәрсе істей алмаймыз. Ал бірақ жеке сайлау комиссиялары мүшелерінің аты-жөндері аталса оған заңды түрде сот арқылы әрекет жасаймыз деп ойлаймыз», – дейді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.



Ал бірқатар Парламент депутаттарынан Болат Әбіловтің 31-телеарнадан сөйлеген сөзінде депутаттардың 90 пайызы халықтың сайламаған депутаттары, әкімдер мен Орталық сайлау комиссиясы таңдаған депутаттар деген пкірімен келісесіз бе деп сұраған едік.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Коммунистер партиясының жетекшісі Серікболсын Әбідлідиннің айтуынша, Әбіловтің айтқан сөздері шындыққа жатады. Қазақстан парақор мемлекет болып кетті,– дейді.

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Азаматтық партиясының мүшесі Жазбек Әбдиевтің Әбілов болсын, Иванов болсын, Мырқымбаев болсын Парламент әрбір сөздерге реакция жасап түсініктеме бере беретін болса Парламентте кім жұмыс істейді деген пікірін білдірді. Мәжіліс депутаты, Ауыл фракциясының мүшесі Серікбай Әлібаев болса, көбі әкімдердің сайлағанын білетіндігін айтады.

2002 жылдың желтоқсан айында Қазақстандағы үш сайлау учаскесі бойынша Парламент Мәжілісіне сайлау болған кезде Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев пен «Ақ жол» партиясы тең төрағаларының бірі Болат Әбілов Қарағанды қаласынан бір округтен сайлауға үміткер болған. Сайлау күні сот шешімімен үміткерлердің тізімінен Болат Әбіловтің аты-жөні алынып тасталған болатын. Алдағы күзде болатын Парламент Мәжілісіне сайлауға екеуі тағы да бірсайлау учаскесіне бақтарын сынамақ.
XS
SM
MD
LG