Accessibility links

Қазақстан азаматтығын алу тәртібі жеңілдейді


«Азаматтық туралы" Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Осы мақсатты көздейтін заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына келіп түсті.

2003 жылғы 31 қазанда өткен Қазақстан кәсіпкерлерінің он бірінші форумында Қазақстан Президенті елге мамандардың келуін ынталандыруға байланысты "Азаматтық туралы" Заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын дайындауды Үкіметке тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Қазақстан Үкіметі аталған заңға өзгерістер мен толықтырулар дайындаған. «Азаматтық туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы белгілі бір кәсіби мамандығы бар адамдардың Қазақстан азаматтығын алу тәртібін жеңілдетуге, сондай-ақ азаматтықты жою негіздерінің тізбесін кеңейтуге бағытталған. Заң жобасына ғылыми-құқықтық сараптама жасаған Әділет министрлігінің заң институты осындай қорытынды беріпті. Аталған заңның 16-шы бабына ұсынылған толықтыруда кәсіптерге ие адамдардың Қазақстан азаматтығын алуының жеңілдетілген тәртібін анықтау мәселесі әрі ол тізбені Қазақстан Президенті белгілейтіні айтылған. Сондай-ақ басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда Қазақстан азаматтығынан айыру туралы аталған заңға толықтыру енгізу көзделіпті. Парламент Мәжілісінің депутаты Рамазан Сарпеков, сөз болып отырған заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізудегі негізгі мақсат-шетелден Қазақстанға кәсіби деңгейі жоғары адамдардың тұрақты тұруға келуін ынталандыру дейді. «Көптеген жақсы мамандар Ресейге және басқа елдерге кетті. Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасының тұрақтануына байланысты олардың келу ынталары артып отыр. Солардың қайтып келуін қамтамасыз ету тұрғысында ұсынылған мәселе болуы керек. Егер олар Қазақстанға қайтып келемін, тұрамын деп жатса азаматтық беру. Бұл Қазақстанда тұруға ниеті барлар үшін, ал қос азаматтыққа жол берілмейді » дейді депутат Сарпеков. Қазақстанға шет мемлекеттерден қандай кәсіби мамандар қажет? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсованың айтуынша, еңбек базарына жасалған зерттеулер Қазақстан үшін қарапайым орта және техникалық мамандықтардың үлкен проблема екенін көрсеткен. Бұл сантехник, бұрғылаушы және басқа жұмысшы мамандықтары. Дағдарыс кездерінде жақсы мамандар басқа елдерге кетіп қалды. Ал, кәсіби-техникалық дайындау ісі өкінішке орай, бізде қазір тиісті жолға қойылмаған, дейді министр Қарағұсова. Министр, бүгінгі күні Білім және Ғылым министрлігімен бірге кәсіби–техникалық дайындық жүргізу туралы біріңғай бағдарлама дайындалып жатқанын, өйткені, егер де аталған жағдай енді бір-екі жыл бойы жалғасатын болса, онда бізде жоғары маманданған жұмысшы болмай қалады дейді. Министр Қазақстанға басқа мемлекеттерден келіп жұміс істейтіндердің барын жоққа шығармайды. Алайда, олардың көпшілігі мамандығы жоқ адамдар, ал кәсіби біліктілігі жоқ адамдар Қазақстанда да аз емес, дейді. Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев, Қазақстанда жұмыссыздық жойылған жоқ. Олар еңбекке жарамды адамдарды 9 пайызын алады деп есептеледі. Бірақ, жұмыссыздар одан да көп. Бүгінгі күні металлург, шахтер, темір жол қызметкерлері секілді мамандықтарға тапшылық жоқ. Бірақ болашақта қиындықтар болатын шығар деген болжам айтады. Сиязбек Мұқашев Қазақстанға шетелден келетін жұмыс күші он пайыздан аспайды. Сырттан келіп жатқан жұмыс күшіне жалпы мемлекеттік бақылау бар. Алайда, ол жүйелі түрде заң бойынша жасалып жатыр деп айта алмаймын дейді. Сонымен сөз болып отырған « Азаматтық туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мамырдың 19-ы күні Парламент Мәжілісінің жұмыс өндірісіне қабылданды.
XS
SM
MD
LG