Accessibility links

БҰҰ-ң Қауіпсіздік кеңесі Израилдың Газа аймағындағы шабуылдарын айыптаca, АҚШ қалыс қалды.


БҰҰ-ң Қауіпсіздік кеңесі Газа секторындағы босқындар лагері жанында бейбіт азаматтарды опат еткен оқиғаны айыптап, Израилдың Палестинаның тұрғын үй-жайларын атқылап, талқандауды тоқтатуларын сұрады. Қауіпсіздік кеңесі сәрсенбі күні кешке қарай аталған мәселені талқылап, бір мемлекет -АҚШ-ң қалыс қалуымен, ал 14 елдің мақұлдап дауыс беруімен, Израилды азаматтық тұрғындарды қорғау жөніндегі халықаралық хұқтарды сақтау тұрғысындағы міндеттерін орындауға шақырған қарар қабылдады.

Израилдың басты одақтасы АҚШ бұдан бұрынғы Израилға қатысты айыптау қарарларына вето қойып келген болатын. Ал бұл жолы АҚШ-ң қалыс қалуы- Израилдың Газа секторындағы қимыл-әрекеттеріне Вашингтонның алаңдаушылық таныта бастағанын көрсетеді. БҰҰ-ғы АҚШ елшісінің орынбасары Джеймс Каннингэм АҚШ Израилдың қорғануға деген хұқын қорғайды, бірақ оның кейінгі шабуылдары шектен шығып кетті деп есептейді деп айтқан:

-Біз Израилдың соңғы бірнеше күндегі Газа секторындағы шабуылдары тыныштық пен қауіпсіздік орнататынын көрмей тұрмыз. Олар мұндағы жағдайды ушықтырып жіберді. Сөйтіп Израил күштері мен палестиндіктер арасындағы теке-тіресті одан әрі қоздырды. Бұл біздің білуімізше Израилдың қауіпсіздігін кеңейте алмайды,-деп атап көрсеткен елшінің өкілі.

Каннингэм сондай-ақ Вашингтон жақын арада Израил әрекеттерін шектеу, сондай-ақ Палестинаның және Египеттің ресмилерімен Газа аймағындағы контрабанда жөнінде ақыл-кеңестер өткізетін болады деп айтқан. Өйткені Израил өзінің Рафа босқындар лагеріне басып кірген шабуылдарын мұнда кең етек алған контрабандадан сақтану, қорғану үшін жасадық деп ақталған болатын.

Израил күштері бейсенбіде де Рафадағы шабуылдарын тоқтатпаған. Палестиндік ресмилердің және куә болғандардың айтуынша, бейсенбі күні Израилдың зымырандық шабуылынан үш палестиндік көз жұмған. Израилдық аскерилер өздерінің Израил күштеріне қарай жақындаған белгісіз адамдарды көздегендіктерін айтқан.

Ал сәрсенбі күні Израил әскерлері наразылықпен шеруге шыққан палестиндіктерге қарсы оқ атып, танктермен шабуылдаған кезде 10 палестиндік опат болған еді, олардың көпшілігі балалар мен жасөспірімдер болған. Израилдың лауазым иелері шерушілердің құрбандыққа ұшырағанына кешірім сұраған, алайда олар бұл шабуылдар контрабанданың жолын кесу үшін жасалды деп толық ақталып отыр.

БҰҰ-ғы Израил елшісі Дэн Гиллерман Қауіпсіздік кеңесінің Израилды айыптап, бейбіт тұрғындарға қауіп төндірген шабуылдарды тоқтатуды талап еткен қарарына наразы болып отыр, ол бұл шешім бейбітшілікке қызмет етпейді, өйткені ол Палестинаның Израилға қарсы террорлық әрекеттеріне қолдау көрсетеді деп біледі:

-Бүгінгі таңда Израил Газа аймағындағы тозақ қақпасы алдында тұр. Рафа қаласы контрабанданың орталығы, ол Газаға келетін қару-жарақ пен оқ-дәрінің негізгі жол, қақпасы,-деп айыптайды Израил елшісі.

Гиллерман сәуір айынан бері Израил күштері Рафа жанынан қару-жарақ тасылатын сегіз жерасты жолын тапқан дейді. Ал барлығы 2000 жылдың қыркүйек айынан бері осындай 90 туннель табылған дейді ол. Гиллерман Египеттен тартылған бұл жерасты жолдарын Иран қолдайтын Хезболла және палестиндік Хамас сияқты ұйымдар пайдаланған дегенді айтады. Израил елшісінің мұндай айыптауларына Египеттің БҰҰ-ғы елшісі Ахмад Абул Гейт журналистер алдында кейіннен былай деп жауап берген:

-Мұндай Иран Египет жерін пайдаланды деген айыптауларға қалайша сенуге болады? Бұл мүлде қате, мен оны атымен жоққа шығарамын. Сондай-ақ Палестинаның БҰҰ-ғы елшісі Нассер әл-Кидуа да Израил қимылдарына байланысты Қауіпсіздік кеңесіне өз ойын былайша білдірген:

-Бұл терроризм, мемлекеттік терроризм Бұл әскери қылмыс, қылмыстылар халықаралық талаптар шеңберінде жауапты болуға тиіс. БҰҰ-ң өкілі Фред Экхард жақындағы ақпарларға қарағанда, осы мамыр айының басынан бері Израилдың шабуылдары салдарынан 2,200 палестиндік баспаналарынан айрылды дейді.

Қорыта айтқанда Қауіпсіздік кеңесінің бұл қарары Рафадағы қазіргі жағдайға қатты алаңдаушылық білдіріп, мұндағы палестиндіктерге жедел көмек-қолдау көрсетуге шақырады. Ал Женева төртінші келісіміне сәйкес, соғыс қимылдары барысында азаматтық тұрғындарды қорғау міндеттерін орындауды Израилдың есіне салады.
XS
SM
MD
LG