Accessibility links

Әдiлет министрлiгiне Қазақстанның Коммунистiк Халықтық партиясының тiркеу құжаттары тапсырылды

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Мамырдың 20-сы күнi Әдiлет министрлiгiне Қазақстанның Коммунистiк Халықтық партиясы деген ұйымды тiркеу жөнiнде өтiнiш түстi. Бастамашыл топтың мәлiмдеуiнше, жаңа құрылымға Қазақстан компартиясы мүшелерiнiң едәуiр бөлiгi өтiп кеткен. Ұйымдастыру комитетiнiң тең төрағасы, Мәжiлiс депутаты Владислав Косаревтiң айтуынша, аталған саяси ұйымның тiзiмiнде 60 мыңнан астам адам бар. Олардың 20 пайызы, яғни, шамамен 12 -15 мыңы -- Серiкболсын Әбдiлдин басқаратын компартияның бұрынғы мүшелерi.

Коммунистiк партияның жетекшiсi Серiкболсын Әбдiлдин Владислав Косаревтiң бұл мәлiметiн жоққа шығарып отыр. Оның сөзiмен айтқанда; «Мәжiлiс депутаты Ерасыл Әбiлқасымов коммунистердiң арасына iрткi салуға кiрiскеннен берi компартияның қатарынан шыққандарды саусақпен-ақ санауға болады. Жарғы бойынша кететiн адам өтiнiш жазып, партия ұйымдарының шешiмiмен шығуы керек. Ал ондайлар жоқтың қасы».

Көкек айының 24-iнде құрылтай сиезiн өткiзген жаңа саяси ұйым құрылтай құжаттамасында «Қазақстанның Коммунистiк партиясы» деп аталады. О баста Ұйымдастыру комитетiнiң мүшелерi де, құрылтай делегаттары да бiр атаумен екi партияның өмiр сүруi заңсыз екенiн байқамай қалған. Владислав Косаревтiң сөзiне қарағанда, ұйымдастырушылар тобы бұл тығырықтан шығу үшiн бұрынғы атауға «халықтық» деген сөздi қыстыра салыпты.

Ал Қазақстан Коммунистiк партиясының хатшысы, Мәжiлiс депутаты Төлен Тоқтасыновтың пiкiрiнше, мұндай жағдайда Косаревтiң партиясы мемлекеттiк тiркеуден өте алмайды. «Өйткенi, ол құрылтай құжаттарында Қазақстанның коммунистiк партиясы деп көрсетiлген. Заң бойынша партияның атауын өзгерту үшiн тағы бiр сиез өткiзiу мiндет», -- дейдi.

Жаңа тұрпатты коммунистiк партия құру идеясын алғаш ұсынған Ерасыл Әбiлқасымов партияның атауын өзгерту үшiн мамыр айында сиез өткiзiлетiн мәлiмдеген болатын. Алайда, Әдiлет министрлiгiнiң Тiркеу комитетiне құрылтай сиезiнiң түзетiлген құжаттары тапсырылып отыр. Саясаттанушы Сейдахмет Құттықадамның пiкiрiнше, мұның барлығы Компартияны электоратынан айыру мақсатында жоғарыдан әдейi ұйымдастырылған әрекет.

Ал Владислав Косаревтiң айтуынша, Қазақстанның Коммунистiк Халықтық партиясының билiкпен ешқандай қатысы жоқ. «Оған қоғамдағы әлеуметтiк теңсiздiктердi жоюға атсалысқысы келетiн, шынайы коммунистiк көзқарастардағы адамдар кiрiп отыр. Жаңа партияның Қазақстанның коммунистiк партиясынан бiр ерекшелiгi әлеуметтiк құрамы да, мүшелерiнiң жас ерекшелiктерi де әрқилы. Партия мүшелерiнiң орташа жасы 40-та», -- дейдi Косарев мырза.
XS
SM
MD
LG