Accessibility links

Қазақстанда қажылар қауымдастығы құрылды

  • Айнагүл САҒДИ

Мамырдың 24-де Астанада «Қазақстан қажылары қауымдастығының» 1-құрылтайы өткізілді. Оның мақсаты халық арасында имандылық шарттарын насихаттап, ислам дінінің мерейін көтеру. Басқосуға Қазақстанның 19 облысынан жиналған 77 делегат қатысты. Олардың арасында бірнеше рет Меккеге қажылыққа барғандар бар. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының /ҚМДБ/ бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Қазақстан қажылар қауымдастығын» құру туралы өткен жылдың шілде айында бастама көтерілген болатын. Сол идеяны іске асырудың сәті бүгін түсіп отыр. Қазақстанның қажылар қауымдастығы билікке, саясатқа араласпайды, қарақан басын ойлап, дінді шатыр етіп, халықты адастырмайды деп сенгіміз келеді», -- деді.

Ал бүгінде дәрігерлік қызметімен қоса халықты дін жолына түсуге үндеп жүрген Марат қажы Сәрсенбаевтың айтуынша, Қазақстанда «Қажылар қауымдастығының құрылуы» дін саласындағы тарихи қадам. Ол: «Қазақстанда мешітке барып, намаз оқитындар саны 1 миллионның шамасында. Қалған 10 миллион исламның ұлы насихатын көре алмай отыр.

Сондықтан қажылар қауымдастыға имандылықты насихаттау жолында жұмыс жасайды»,-деді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Сауд Арабиясына қажылыққа барған мұсылмандар саны жылдан жылға өсіп келеді. Олардың әлеуметтік құрамы да әрқилы. Белгілі саясаткерлер, бизнесмендер, мұғалімдер, дәрігерлер, әншілер және басқа да жұртшылық өкілдері. Солардың бірі Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген әртіс Ақжол қажы Мейірбек мырзаның айтуынша, өнер адамдарының арасында үлгілі жандар аз емес.

Бірақ, жаман әдеттерге бой алдыратындары, артынан сөз еретіндері де баршылық. Сондықтан өнерпаздардың, әншілер қауымының дін жолына түсіп, қажылыққа көбірек баруын қалайтынын білдірді.

Қазақстанда соңғы жылдары әлемдік деңгейдегі діни басқосулар жиі өткізілуде. Оған мемлекет басшылығының да үлкен қолдау көрсетіп отырғаны мәлім. Қазақстанның ақпарат министрі Сауытбек Абдрахманов қажылардың 1 құрылтайына қатысып, олардың бұл қадамы министрлік тарапынан қолдауға ие болып отыр. Мемлекетіміз көп дінді болғанмен, ислам дінін тұтынатындар халықтың 70 пайызы. Еліміздегі тұрақтылықты сақтауда мұсылмандар қауымы зор роль атқарады.

Сондықтан «Қазақстанның қажылар өауымдастығы» құрылуын қолдаймыз деді. Жалпы бүгінгі таңда Қазақстандағы қажылар саны 5 мыңнан асады екен.
XS
SM
MD
LG