Accessibility links

Қазіргі Ирақ мектептерінде жаңалықтар да көп, ескіден келе жатқан проблемалар да бар.


АҚШ-тың бастауындағы коалиция күштері Ирақ жеріне басып кірген кезде, яғни бұдан бір жыл бұрын Азаттық тілшісі Ирақ мектептерінің жайымен барып танысқан болатын. Ол оқу орындарының қазіргі жайына Азаттықтың арнайы тілшісі Чарлз Рекнейгл тағы бір рет шолу жасауға тырысқан екен.

Соғыс қимылдары аяқталар тұста, бұдан бір жыл бұрын Азаттық радиосының тілшісі Замира Есшанова Бағдаттағы Ибн Хатеб атты ұл балалар мектебінде болған-ды. Соғыстан бұрынғы 600 оқушының тек 80-і ғана сол сәттерде қайта ашылған мектепке бара бастаған екен. Көптеген ата-аналар астанадағы қауіпсіздік жайының нашарлығынан балаларын үйлерінде ұстауды жөн көрсе керек. Дәл сол күндері мектепке оралған балалар мұндағы көптеген өзгерістерді байқап үлгерген болатын. Мектеп директоры ауысқан. Қабырғалардағы Саддам Хусейннің портреттері алынып тасталған. Сондай-ақ сабақ кестелерінен Саддам Хусейнге қатысты бөлімдер алынып тасталған дегендей.

Бір жылдан кейін әлгі мектепке алғаш барғанда Азаттық тілшісінің көзіне алғаш шалынған жайыттардың бірі- кейбір ескі әдеттердің әлі де болса сақталып қалғандығы еді. Мысалы, тілшіміз Чарлз Рекнейгл төртінші сыныпқа кірген кезінде ондағы оқушылар әдеттегісінше: “Саддам Хусейнге ұзақ өмір берсін!” деп ұрандатқан екен. 12 жасар Мустафа деген оқушы бұл көріністі былайша түсіндіруге тырысыпты. “Біздің басшымыз болғандықтан да Саддам Хусейнді біз жақсы көрдік. Ол біздің ұлтымызды қорғады. Ол жерімізге өзге елдер әскерлерінің басып кіруін қаламады. Сондықтан біз оны күні бүгінге дейін жақсы көреміз”-, деген еді оқушы.



Қазіргі кезде мектепте талай нәрселер жаңарған. Бұл күндері оқушылар Ирақ Білім министрі тарапынан қайта басылып шыққан, жаңа оқулықтарды қолдануда. Мектеп директоры Ибн Хатебтің айтуынша, оқу жылы басталғанда мұнда тіпті оқулықтар болмапты. Бірнеше оқушы бір кітапты бірге оқуға мәжбүр болған. Қазір енді оқулық жеткілікті. Оқушылардың бірі Саддам Хусейннің суретін көріп қалған кезде, бейне бір қорқынышты бейнені көргендей, оны жалма-жан жырта бастапты.



АҚШ өкіметі жанындағы Көмек агенттігі 8 миллиондай оқулықтарды қайта бастырып шығарған екен. Осы агенттік сондай-ақ 2.300-дей мектептерді қайта жөндеуден өткізіп берген. Биылғы жылдың өзінде білім беру саласына бірнеше миллион доллар қаржы бөлініп отыр екен. Өткен аптада Әлемдік банк Ирақ Білім министрлігімен 40 миллион долларлық келісімшартқа қол қойды. Мәліметтерге қарағанда келер оқу жылына дейін қосымша оқулықтарды осы қаржыға бастырып шығару көзделуде.



Мектептердегі қауіпсіздік жайы жөнінде директор Ибн Хатеб: “Осы буын өкілдеріне Құдай өзі жар болып тұр. Егер сөзіме сенсеңіз, оқу жылы басталғанда мұнда ешқандай қауіпсіздік шаралары қарастырылмаған болатын. Сондықтан сабақ кездерінде мен үрей құшағында жүруші едім. Егер мұнда жарылыс, тағы басқа бір жайыт бола қалса, онда ол менің қателігім болар еді. Сондытқан мен ылғи қорқынышта жүрген едім. Қауіпсіздік өкілдері мен оқушыларға мұндай жағдайда не істеу керектігін үнемі айтумен болатынмын”, деген еді. Демек, жаңа бағдарламалар қарастырылып жатқан тұста да Ирақтағы оқушылар мен мұғалімдер бойында қорқыныш бұлты сейіле қоймапты.
XS
SM
MD
LG