Accessibility links

ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Е. Әбiлқасымов: Аграрлық, “Ауыл” және “Асар” партияларының факциялары жабылуға тиiс.

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiнiң мамырдың 26-сы күнгi отырысында «Отан» партиясы фракциясының жетекшiсi Қайролла Ережепов «Отанның» қатары жаңадан төрт депутатпен толыққанын айтты. Олар -- Мәжiлiс депутаттары Рамазан Сәрпеков, Рауан Шаекин, Нұрдәулет Сәрсенов және сенатор Оңалбек Сәпиев.

Депутат Ерасыл Әбiлқасымовтың сөзiне қарағанда, мұның өзi Аграрлық, «Асар», және «Ауыл» партияларының Парламенттегi фракцияларын жоққа шығарады. «Өйткенi, Отанға кiргендердiң үшеуi бұған дейiн сол фракциялардың мүшесi болып келген. Парламенттiң регламентi бойынша, фракцияларда кем дегенде 10 мүше болуы керек. Жоғарыда аталған үш партияда ендi тоғыз депутаттан қалды. Сондықтан ол фракциялар бүгiннен бастап жабылуға тиiс», -- дейдi Әбiлқасымов мырза.

«Ауыл» фракциясының төрағасы Ғани Қалиев Ерасыл Әбiлқасымовтың сөзiне сануге болмайтындығын, аталған фракцияда бұрын 12 депутат болса, ендi 11 депутат болғанын айтады.

Парламенттегi ең iрi «Отан» фракциясында 52, одан кейiнгi орындағы Азаматтық партияның фракциясының тiзiмiнде 24 депутат тұр. Ерасыл Әбiлқасымов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында «Отан» фракциясында 52 емес, 48 мүше бар екенiн айтты. Мұны аталған фракцияның төрағасы Қайролла Ережепов те растады. 52-нiң 4-еуi, Парламент Палаталарының төрағалдары мен орынбасарлары, ал Рамазан Сәрпеков Қазақстан Республикасының Бiлiктiлiк алқасының мүшесi болғандықтан фракцияға мүше бола алмайды. Айтқандайын, Парламенттiң Интернет сайты Аграрлық, Ауыл және Асар партиялары фракцияларының тiзiмiнде бұған дейiн шынында да 10 депутаттан болғанын растайды. Мысалы, «Бiздiң фракциямызда он екi депутат болған, бiреуi кетiп, он бiрi қалды», -- деген Ғани Қалиев басқаратын «Ауыл» фракциясынан «Отанға» ауысқан Оңалбек Сәпиевтi санамағанда 9 адамның тiзiмiн көруге болады. Аграрлық, Асар партияларының фракцияларында да тура осындай жағдай қалыптасып отыр.

Серiкбай Әлiбаев, Ерасыл Әбiлқасымов сияқты депутаттар Парламентегi осы бiр ауыс-түйiстiң астарында жеке бастың мүддесi жатыр деген ойда.

С. Әлiбаев: « Қазақстан Перзидентi алдағы сайлауда «Отан» партиясының жеңiп шығуын қалайтынын ашықтан-ашық айтып жүр. Бұл дегенiңiз – тиiстi органдарға, әкiмдерге тапсырмалар берiлiп қойды деген сөз. Демек, сайлаудың бұл жолы да адал өтпейтiнi анық. Осыны түсiнгенгендер «Отанға» өтiп жатыр».

Е. Әбiлқасымов: «Суға кетiп бара жатқан кемеден тышқандар қашады ғой. Мен әрiптестерiмдi тышқан деп тұрған жоқпын, әйтсе де, олардың әрекетi соған ұқсайды. Олар «Отанның» басқа партияларға қарағанда мүмкiндiгi күштi екенiн бiлiп соған қашып жатыр».

Сонымен жоғарыда аты –жөндерi аталған төрт депутаттың «Отан» партиясына өтуi Парламенттiң фракциялық құрылымына өзгерiс әкеле ме? Қайсыбiр депутаттардың ойынша, Ерасыл Әбiлқасымов көтерiп отырған бұл мәселе Парламент Бюросында қаралуға тиiс.
XS
SM
MD
LG