Accessibility links

Н. Назарбаев Иран арқылы Парсы шығанағына мұнай құбырын тартуды көздейді

  • Айнагүл САҒДИ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Файненшл Таймс» газетіне берген сұхбатында Қазақстан үшін Парсы шығанағына Иран мемлекеті арқылы құбыр тартудың тиімділігін айтқан. «Номад» интернет-сайтының хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев сұхбат барысында Баку-Жейхан, Қытай және Ресей бағыттарындағы мұнай құбырларына қарағанда Иран бағытына басымдық беретінін мәлімдеген.

Сонымен қатар, Америка Құрама Штаттары мен Иранның арасындағы шиеленісті саяси ахуалға байланысты бұл жобаны жүзеге асыру мүмкін болмай тұрғанын да айтып өткен. Ал Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, экономист Уәлихан Қайсаровтың пікірінше, бұл жерде Қазақстанның есесі кетіп отыр. «Сондықтан, мұнай саудасында алпауыт мемлекеттердің қас-қабағына қарап, жалтақтай беруге болмайды. Иран арқылы Парсы шығанағына құбыр тартылған жағдайда сол АҚШ-тан тәуелсіз болар едік», -- дейді.

Қазақстан мұнайын сыртқы базарларға шығарудың бірнеше бағыты көзделіп отырғаны мәлім. Сонымен қатар Иран бағытындағы теңіз-мұнай тасымалдау жолы бар. Саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Қазақстан үшін Иран бағыты қашанда тиімді болған, ал Қазақстан өз мұнайын ұқсату үшін «саудада достық жоқ» деген қағиданы ұстануға тиіс. Демек, мұнай саудасын саясаттан саудаға қарай бұру қажет. Мұны іске асырудың бір амалы алпауыт мемлекеттерге Иран бағытындағы құбыр жобасынан үлес ұсыну », -- дейді.

Сонымен қоса, «Иран Батыстың алдында жексұрын мемлекет, сондықтан қиыншылықтар туындайды, екіншіден Иран бағытының дамығанына АҚШ ғана емес, Ресей де, Қытай да наразылық білдіруі мүмкін».

Қазақстанның мемлекет басшысы Файненшл Таймс газетіне берген сұхбатында келешекте Иран арқылы Парсы шығанағына дейін құбыр салу жобасының салынатынына және оның тек Қазақстанға ғана емес, АҚШ-тың мұнай фирмаларына да пайдалы болатынына сенім білдірген. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтың пікірінше, аталған жобаның келешегін тап басып айту қиын.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан үшін Иран бағытының тиімді екенін бұрын да бірнеше рет мәлімдеген болатын. Ал аталған газетке берген сұхбатында Парсы шығанағына тартылатын құбырды қазақстан мұнайын экспортқа шығарудың басты жолы ретінде көргісі келетінін жасырмайды.
XS
SM
MD
LG