Accessibility links

Дүниежүзілік Метеорологиялық Ұйым мен Қазақстан арасында байланыс жандануда

  • Айнагүл САҒДИ

1992 жылдан бастап Дүниежүзілік Метеорологиялық Ұйымның конвенциясына қосылғаннан бері Қазақстанда басқа елдермен ынтымақтастық байланыс орнап келеді. Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметі мамандарының көпшілігі Дүниежүзілік Метеорологиялық Ұйымның техникалық комиссиясының мүшесі болғандықтан, гидрометеорология саласындағы соңғы жетістіктермен, ғылыми зерттеулердің нәтижесімен танысуға мүмкіндік туып отыр. Бүгінде ауа-райының мониторингін бақылайтын жер бетіндегі станциялар мен зертхана жұмыстары іске қосылған. Алайда, 1995-1997 жылдар аралығында экономиканың төмендеп, қаржының жетіспеушілігі салдарынан метеорологиялық станциялар саны азайып кеткен. Қазіргі кезде небары 300-ге жуық метеопосттар жұмыс жасайды, ал халықаралық дәрежеге сай болу үшін оның санын 1200-ге жеткізу қажет екен. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экономикалық саясат департаментінің директоры Ахметжан Көшеновтың айтуынша, алдағы уақытта мұндай станциялар санын көбейту жоспарда бар. «Бүгінде экологиялық ахуалды жақсарту мен жергілікті халықтың денсаулығын нығайту жолдарын қарастыру және ғылыми тұрғыдан зерттеуге қатысты Қызылорда облысында мониторинг орталығы құрылды. Осы салаға қатысты қабалдынып жатқан бағдарламалар экологиялық жағдайларға қатысты туындап жатқан мәселелерді шешуге септігін тигізеді», -- дейді Ахметжан Көшенов.

Құрылып жатқан монтторинг жүйесінің дамуына, экологияның жақсаруына, тәжірибе алмасуға Қазақстанға келіп жатқан шет елдік мамандардың да әсері бар. Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақова Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның Бас хатшысы Мишель Жарромен кездесуі кезінде бүгінде құрғап бара жатқан Арал теңізі мен Каспий мәселесіне және Семей аймағына қатысты қалыптасып отырған экологиялық жағдайларға баса назар аударды.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның Бас хатшысы Мишель Жарро Қазақстанда ауа-райын бақылау саласының деңгейін арттыру бағытында атқарылып жатқан іс-шараларға оң көзбен қарайтындығын айтты.

Мамандар мұндай кездесулер алдағы уақытта тәжірибе алмасуға, техникалық мүмкіндіктерді қарастыруға, экологиялық мәселелерді бірге шешуге игі әсерін тигізеді деген пікірде.
XS
SM
MD
LG