Accessibility links

Мамырдың 28-i күнi Астанада Еуразия экономикалық қоғамдастығы Парламентаралық Ассаблеясының кезектi отырысы өттi


ЕЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының 5 – отырысында үш жарым сағаттың iшiнде күн тәртiбiндегi 20-дан астам мәселенi қарап үлгерген Ассамблея мүшелерi Еуразиялық Экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясының жаңа төрағасын сайлап алды. Ассамблеясының төрағалығына осы ұйымға кiретiн мемлекеттердiң заң шығарушы органдарының төрағалары 2 жыл сайын кезекпен сайланады. Ассамблеяға бұған дейiн Қазақста Парламентi Сенатының бұрынғы спикерi Оралбай Әбдiкәрiмов төрағалық еткен болатын. Оның басқа қызметке ауысуына байланысты Парламентаралық Ассамблеяның төрағасының орны да бос қалған едi. Бiрақ, Қазақстанның төрағалық ету мерзiмi әлi аяқталған жоқ. Сондықтан, бұл орынға қазақстан Парламентi Сенатының қазiргi спикерi Нұртай Әбiқаев сайланды. Ол регламент бойынша келесi жылдың ортасына дейiн төраға қызметiн атқармақ. Жаңа төраға Парламенттiк Ассамблеяның Астанада өткен отырысын жаңа бетбұрыс ретiнде бағалайды. «Бұрын Парламенттiк Ассамблеяда қабылданған заңдар ұсыныс сипатында болатын. Яғни, ЕЭҚ-ға мүше-мемлекеттердiң Парламенттерi үшiн моделдiк тұрғыда дайындалған заңдар едi. Бұдан былай Ассамблеяда қабылданған заңдар осы ұйымға кiретiн елдер үшiн мiндеттi болады», -- дейдi Әбiқаев мырза. 2000 жылдың күзiнде құрылған Еуразиялық Экономикалық қауымдастыққа Қазақстан, Ресей, Белорусь, Тәжiкстан және Қырғыз Республикасы кiредi. Бұрынғы Кеңес Одағы кеңiстiгiндегi мемлекеттердiң бұдан басқа екiжақты, төрт жақты құрылымдарға да бiрiгу бастамалары бар.

Мұның сыртында Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымы жұмыс iстейдi. Парламентаралық Ассамблеяның мүшесi, Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Ғани Қасымов мұндай жағдайда ЕЭҚ аясында бiрыңғай заңдық кеңiстiк құру мүмкiндiгiне күмән келтiретiнiн бiлдiрдi. Оның ойынша, бiр саяси-экономикалық аймақтағы мемлекеттердiң бiрнеше ұйымға кiруi Еуразиялық Эконмикалық қоғамдастықтың заңдық негiздемесiн нақтылауға бөгет болуы мүмкiн. Парламентаралық Ассамблеяның Бюро мүшесi, Белорусь Республикасының Ұлттық жиыналысының Палата төрағасы Вадим Поповтың пiкiрiнше, мұндай күдiкке негiз жоқ. «Сөз болып отырған құрылымдардың қатарлас өмiр сүруi бiр-бiрiне бөгет жасамайды, қайта бiр-бiрiн толықтыра түседi», -- дедi Попов мырза.

Еуразиялқ Экономикалық қоғамдастық мемлекеттерi арасында Қырғыз Республикасы ғана Дүниежүзiлiк сауда ұйымына /ДСҰ/ мүше. Парламентаралық Ассамблея мүшелерi ДСҰ-ға кiру бағытында да iс-қимыл бiрiктiру қажет бiледi. Ассамблея төрағасының орынбасары, Қырғызстан Жогорку Кенешiнiң төрағасы Алтай Борубаевтың айтуынша, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына үлкен дайындықпен кiру қажет екенiн Қырғыз Республикасының тәжрибесi көрсетiп отыр. Оның айтуынша, Қырғызстан аталған ұйымға асығыстық жасап, онша дайындықсыз кiрген. Борубаев мырза: «Дегенмен, моралдық тұрғыдан алғанда Қырғызстанға үлкен серпiлiс әкелдi. Сонымен қатар Қырғызстанның бұл тәжрибесi ЕЭҚ-ға мүше-мемлекеттерге пайдалы болады деп ойлаймын», -- дейдi.

Еуразиялық Экономикалық қоғамдастықтың Астанада өткен 5-отырысында негiзiнен бiрегей заңдық кеңiстiктi нығайту, энергетика және транспорт саласындағы ықпалдастықты дамыту, сондай-ақ, миграциялық мәселелердi реттеудiң заңдық негiздемелерiн жасауға баса маңыз берiлдi.
XS
SM
MD
LG