Accessibility links

Табыл Құлыяс: Саяси қуғын-сүргін болмағанда қазақ халқының саны 20 миллионға жетер еді.


Қазан төңкерісінен кейінгі жаппай колхоздастыру кезінде қолында малы барлардың дүние-мүліктері тәркіленіп, мыңдаған қазақтың шетел асып кеткені тарихтан мәлім. 22-ші, 32-ші жылғы аштықтан қырылып, одан кейін 37-ші жылғы репрессияға ұшырады. Жазушы Мақсым Омарбеков Қазақстан жерінде саяси-қуғын сүргін 1937 жылғы Қарағанды аймағында болған Қарқаралы ісінен басталады дегенді айтады.

Ал тарихшы Хангелді Әбжанов: «Қуғын-сүргін отар елдің маңдайына мәңгі жазылған және үздіксіз жүретін үрдіс, отар елдің ажырамас серігі. Саяси қуғын-сүргін Патшалық Ресей заманында да, Кеңес үкіметі кезінде де болған. Алайда, жазықсыз жандарға «Халық жауы» деген айдар тағылып, қуғынға ұшыратқан кезең – 1937 жылғы репрессия, одан кейін буржуазиялық ұлтшылдармен күрес ұранымен 50 жылдардың аяғы мен 60 жылдардың басында жүргізілген қудалаулар және 1986 жылңы желтоқсан оқиғасы», --дейді.

Жазушы Табыл Құлыяс «Халық жауы» деген жала жабылып, жазықсыздан–жазықсыз атылып, түрмеге түсіп, аштықтан қырылып қалмағанда бүгінде қазақ халқының саны 20 миллиоға жетуі мүмкін еді»,- дегенді айтады.

Сталиндік зұлматтың құрбаны болғандардың санын тап басып айту қиын. Отызыншы жылдардағы Қызыл империяның қолдан жасаған ашаршылығы мен репрессияның өзінен 3 миллионнан аса халық қырылып қалған. «Бірнеше жылғы зерттеу жұмыстарымның нәтижесі бүкіл одақ бойынша азап лагерлерінде болған шетелдіктерді қоса есептегенде олардың санының 100 миллионнан асып жығылатынын көрсетеді»,--дейді Табыл Құлыяс.

Өткен ғасырдың 30-жылдарының ортасындағы саяси қуғын-сүргін жылдарында 18 бен 35 жас аралығындағы 5 мыңнан астам әйел АЛЖИР-де, яғни, Карлагтың құрамындағы Ақмола лагерінде азап шеккен. Олардың 157-сі сол лагерде босанғандар. Бүгінде «Даладағы тамұқ» деп аталатын осы бір азап мекенінде саяси қуған-сүргінге ұшырағандардың әйелдері отырған.

Ал Қарағанды түбінде балалардың арнайы лагері болған. «Олардың құпиясы әлі толық ашыла қойған жоқ. Жалпы, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің тарихын зерделеу барысында әлі де анықтайтын жайттар көп. Дегенмен, бір нәрсе айқын, ол - өткен ғасырдың 30 жылдарындағы қуғын-сүргіннің мемлекеттік саясат деңгейінде жүргізілгендігі», -дейді тарихшылар.
XS
SM
MD
LG