Accessibility links

Қазақстанның сыртқы iстер министрi Қ. Тоқаевтың АҚШ-қа жұмыс сапары басталды

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Мамырдың 31-i күнi Қазақстанның сыртқы iстер министрi Қасымжомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарына аттанып кеттi. Аталған министрлiктiң баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, сапар барысында АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Колин Пауэлмен, АҚШ Президентiнiң Ұлттық қауiпсiздiк жөнiндегi кеңесшiсi Кондализа Райспен, АҚШ Конгресi мүшелерiмен және басқа да ресми адамдармен кездесу жоспарланған. Қазақстандық сарапшылар Қасымжомарт Тоқаевтың бұл сапары төңiрегiнде әрқилы пiкiрлер бiлдiруде.

Қайсыбiр сарапшылардың пайымдауынша, сыртқы саясатта көп тараптылықты ұстанатын Қазақстан алпауыт мемлекеттердiң барлығына жақсы болып көрiнуге тырысады. Ал кейiнгi айлардағы уақиғалар тiзбегi Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси қарым- қатынастың бекемделе түскенiн байқатады. Аталған екi елдiң Бiрегей экономикалық кеңiстiк құру бастамаларын Ялта кездесуi жаңа сатыға көтерсе, Ресейдiң Орталық Азия қоғамдастығы ұйымына кiруi оның Орталық Азия аймағына, соның iшiнде Қазақстанға ықпалының күшейе түскенiн көрсетедi, -дейдi сарапшылардың бiр парасы.

Солардың бiрi, Мәжiлiс депутаты Төлен Тоқтасыновтың ойынша, Қазақстанның сыртқы iстер министрiнiң бұл жолғы сапары, кейiнгi уақытта Ресейге көбiрек бет бұрып кеткен саяси Астананың, Америка Құрама Штаттары басшылығының алдында ақталудың бiр амалы болуы мүмкiн. Бұл арада «Қазақгейт» iсiн де есептен шығармау керек дейдi.

«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаевтың пiкiрiнше, Қасымжомарт Тоқаевтың бұл сапарының «Қазақгейт» iсiмен қатысы жоқ, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ынтымақтастық мәселелерiне байланысты болса керек.

«Қасымжомарт Тоқаевтың Америкаға сапары, «Қазақгейтке» емес, Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты жұмсарту мақсатына қатысты болуы мүмкiн. Өйткенi, кейiнгi кездерде екi елдiң қарым-қатынасында бiраз салқындық байқалды», -- дейдi саясаттанушы Бөрiхан Нұрмұхамедов.

Сарапшылар тарапынан «Өткен апталардың саяси уақиғалары, атап айтқанда, Ялтадағы, Астанадағы кездесулер, Еркiн экономикалық кеңiстiк құру мәселелерiнiң тиянақталуы, Орталық Азия қоғамдастығына Ресейдiң кiруi сияқты уақиғалардан кейiн Қасымжомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына сапар шегiуi Қазақстанның сыртқы саясатының көп тараптылығынан туындап отыр, -- деген де ойлар айтылуда. Саясаттанушы Берiк Әбдiғалиевтiң сөзiмен айтсақ, «Қазақстан үшiн сыртқы саясатта көп векторлықты ұстанған дұрыс».

Ал Бөрiхан Нұрмұхамедов: «Көп тарапты сыртқы саясат Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi жылдардағы экономикалық, саяси-әлеуметтiк қажеттiлiктерден туған. Ендiгi жерде көптараптылықтан нақты бағытқа ойысқан дұрысырақ», -- дейдi.
XS
SM
MD
LG