Accessibility links

Маусым айының бірі күні кешкі сағат тоғыздар шамасында Қазақстан – Өзбектан шекарасында оқ атылды


Оқиға барысында 23 жастағы қазақстандық азамат қайтыс болған. Осы мәселеге орай Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай арнайы мәлімдеме жасады: «Қазақстан мен Өзбекстанның шекрасында болған қайғылы оқиғаға байланысты тағы да Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы проблемалардың осы күнге шейін шешілмей жатқандығына көңіл алаңдатушылығымды білдіргім келеді. Себебі қаншалықты биік трибуналардан достық, бірлік, тығыз қатынас жайында әңгімелер болғанымен жергілікті жерде іс жүзінде шекарада қолына қару алып жүрген Қазақстанның болсын, Өзбекстанның болсын қызметкерлерінің жауапкершілігінің өте төмен екендігінде деп білем».

Мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай «Шекарада тұрмын. Асынғаным қару деп оңды-солды сілтеп, шекара қорғау осы екен деп жау жоқ жерден жау іздеп, дау жоқ жерден дау іздеп жергілікті шекарашыларды тиісті түрде ауыздықтайтын кез келді деп ойлаймын», –дейді.

Спикер Жармахан Тұяқбайдың жоғарыдағы мәлімдемесінен кейін, Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне хабарласқанымызда ондағы ақпараттық талдау және қоғаммен байланыс бөлімінің қызметкері Исламбек Арыстанбеков бұл жағдайдан хабарсыз екендігін айтты.

Бұдан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанындағы шекара қызметінің қоғаммен байланыс бөлімінің қызметір Нұрлан Сағымбаевқа хабарласқанымызда ол да бұл оқиғадан бейхабар екендігін жеткізді.

Осыдан кейін Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігіне хабарласуға тура келді. Ондағы Консул Қызыр Жұмабаевтың айтуынша, оқиға Өзбекстан шекарасында орын алған. Қайтыс болған 23 жастағы азаматтың маусым айының 5-күні үйлену тойы болмақшы екен. Оның қалыңдығы Өзбекстан территориясындағы Майски ауылында тұрады екен. Марқұм туыстарымен қалыңдықтың үйіне той мәселесімен бара жатқан көрінеді. Сол кезде өзбекстандық шекарашылар әлгі азаматтар мінген көлікті тоқтатқан. Олар қазақстандық азаматтарды Өзбекстан жеріне өткізбегенге ұқсайды. Осыдан кейін араларында дау туған. Нәтижесінде өзбекстандық шекарашылар қазақстандықтарға қару көтеріп, үйленгелі жатқан 23 жастағы ер азамат қайтыс болған. Консул Қызыр Жұмабаев бұл оқиға барысы жайында Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне хабар жібергенін мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG