Accessibility links

Азаттық радиосының тілшісін соққыға жыққан азаматқа қатысты Астана қалалық Сарыарқа аудандық соты үкім шығарыпты

  • Досан БАЙМОЛДА

Осыдан оншақты күн бұрын Астана қалалық Сарыарқа аудандық соты Азаттық радиосының Астана бюросының тілшісі Жұлдыз Төлеуге қатысты сот ісін аяқтап, сот үкімін шығарған. Ең қызығы бұл сот үкімі шығатын сот мәжілісіне жәбірленуші Жұлдыз Төлеу шақырылмаған. Ол бұл болған жайтты оншақты күннен соң Астана телеарнасының журналистерініен естіп өзі таң қалған. Естеріңізге сала кетер болсақ, биылғы жылдың қаңтар айының 9 ы күні кешінде Азаттық радиосының Астана бюросының тілшісі Жұлдыз Төлеу жұмысын аяқтап, үйіне қайтып бара жатқан жолында, оған екі бұзақы жігіт күш көрсетіп, ұрып жығып, қолындағы сөңкесін тартып алып қашып кеткен оқиға орын алған болатын.

Дәрігерлер Жұлдыз Төлеудің қатты соққыдан миы шайқалып, мұрын сүйегінің шеміршектеріне зақым келгендігін анықтап, ол екі аптадай ауыруқанада жатып емделген болатын. Осы болған оқиғадан бір жарым ай өткен соң Астана қалалық ішкі істер басқармасы шұғыл түрде алынған іздестіру жұмыстарының арқасында Жұлдыз Төлеуді соққыға жыққан екі жігіттің біреуін ұстағандықтарын ал екіншісін таба алмай жатқандарын айтып дүйім жұртқа жариялаған болатын.

Астана қалалық ІІБасқармасының айтуынша ұсталған азаматтың аты жөні – Астана қаласындағы Аграрлық Университеттің студенті Мадияр Нұриддинов. Қалалық полиция өз қолындағы істі Сарыарқа аудандық сотқа тапсырады. Алайда Жұлдыз Төлеудің айтуынша судья Галина Былкилова оны жәбірленуші ретінде бір ақ рет сотқа шақырып, болған оқиға жайында сұрапты. Содан кейін соттан ешбір қабар болмаған. Енді міне кенет сот шешімі шығып қойғандығын басқа біреулерден естіп біліп отыр. Сарыарқа соты Жұлдыз Төлеуді ұрып, оның денсаулығына зақым келтірген бұзақы жігітке 3 жыл шартты түрде бостандығынан айырылсын деген үкім шығарыпты.

Жұлдыз Төлеу бұл болған жайтқа байланысты соттың шешімі қандай болғандығына емес өзінің Қазақстанның қылмыстық кодексінде анық жазылғанындай жәбірленуші ретінде сотқа шақырылмауын құқығының бұзылғандығы ретінде көретіндігін айтып отыр. Адам құқығы, заңдылықты сақтау жөнііндегі халықаралық бюроның жетекшісі Евгений Жовтистің айтуынша Жұлдыз Төлеуге қатысты сот тарапынан жасалған бұл жайт қабылдауға мүлдем болмайтын нәрсе.

Бұл арада судьяның өзі заң бұзып отыр. Сондықтан Ж.Төлеу тез арада Астана қалалық Сарыарқа аудандық прокуратураға шағымдануы керек. Онда өзінің құқығының бұзылғандығын айтып, сот үкімімен келіспейтіндігін білдірген жөн. Ал бұндай пікірді заңгер Мұстақим Төлеев те қоштап отыр. Оның айтуынша судья сот үкімі жарияланатын жиынға алдын ала ресми түрде хабарлауы арқылы жәбірленуші Ж.Төлеуді шақыруы тиісті. Заңда солай көрсетілген.

Біз хабарласқан Астана қалалық ІІ Басқармасының қызметкері, Ж.Төлеуге қатысты істі жүргізіп тергеген, тергеуші Е.Курбатов та бұл хабарды естіп таң қалғанын жасырмады. Ол дағы сот үкімін тоқтату туралы Жұлдыз тез арада Сарыарқа аудандық прокуратураға шағымданғаны жөн деген кеңесін берді.
XS
SM
MD
LG