Accessibility links

Америка Құрама Штатының аймақтық сотында Джеймс Гиффеннің үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты сот процесі басталды,


Маусымның 3 күні Америка Құрама Штатының аймақтық сотында американдық азамат Джеймс Гиффенге қатысты сот процесі басталды. Егер Джеймс Гиффеннің кінәсі дәлелденсе, ол 88 жылға түрмеге отыру жазасына кесіледі. 2004 жылғы маусымның 3 күні Америка Құрама Штатының аймақтық сотында американдық адвокат Джеймс Гиффеннің үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты сот процесі басталды. Джеймс Гиффенге Қазақстанның жоғары басшылығынан пара алды деген сыңайдағы айып тағылып отыр.

Жалпы бұл сот процесі 2004 жылғы мамырдың 14 күні басталуға тиіс еді. Бірақ Джеймс Гиффеннің адвокаттарының өтініші бойынша, сот процесі кейінге, яғни, 2004 жылғы маусымның 3 не шегерілді. Маусымның 3 күні осы сот процесіне байланысты алғашқы тыңдау болды. Ал, толыққанды тыңдау үстіміздегі жылғы қазанның 4 күні болады деп жоспарланып отыр.

Америка Құрама Штатының азаматы болып табылатын Джеймс Гиффеннің жасы қазір алпыс үште. Егер оның кінәсі толық дәлелденсе, Джеймс Гиффен 88 жылға түрмеге отыру жазасына кесіледі.

Бүгінгі таңда осы қылмыстық іске қатысы бар деген Қазақстандағы лауазымы жоғары екі шенеуніктің аты анықталды. Олар күні кешеге дейін шартты түрде КО1 және КО2 деп аталып келді.

Үстіміздегі жылдың көкек айында, Джеймс Гиффеннің адвокаттарының талабы бойынша, тергеуді жүргізген АҚШ – тың заң орындары КО1 және КО2 деген азаматтардың кім екендігін ресми түрде жариялады. АҚШ тың заң орындарының хабарлауынша, Джеймс Гифеннің ісіне тиесілі құжаттарда аты айтылған КО 1 деген азамат Қазақстанның сол кездегі мұнай министрі Нұрлан Балғымбаев, ал КО 2 деген азамат Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып табылады.

Американдық прокурорлардың айтуынша, Қазақстанның ресми орындары, бұл істі толық жабуға талай рет әрекет жасаған. Алайда Джеймс Гиффенге Американың негізгі заңдарының бірі “Шет елдегі жемқорлық әрекеттеріне қарсы шара” деген заңды бұзған деген күдікпен айып тағылып отыр. Аталмыш заңның негізін қалаған сарапшылардың бірі, халықаралық сауда саласындағы белгілі заңгер Дональд Зарин “Азаттық” радиосына маусымның 3 күні берген сұхбатында - Джеймс Гиффеннің ісі осы заңға байланысты қаралып жатқан ең ірі іс болып табылады, деп мәлімдеді.

Ал, осы іске қатысы бар деген қазақстандықтардың құқын қорғайтын заңгерлер Райд Вайнгертен мен Стив Кохан “Азаттық” радиосы тілшілерінің сауалдарына жауап беруден бас тартты.

Қазақстанның Америкадағы елшілігінің баспасөз хатшысы Роман Васильенко да, бұл мәселені егжей-тегжейлі талқылаудан бас тартып, бір ғана нәрсені тілге тиек етті. Оның айтқаны: “Әлемде қазіргі таңда болып жатқан оқиғаларды еске алсақ, Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі де жалғастыра береді”.

Осыдан бір жыл бұрын, яғни 2003 жылғы мамырдың 30 күні Америка Құрама Штаты аймақтық сотының Джеймс Гиффенге қатысты айыптау қорытындысы жарық көргені белгілі. Айыптау қорытындысында, шартты түрде КО 2 деген азаматтың, яғни қазіргі кезде, АҚШ тың осы іске қатысты тергеуді жүргізген заң орындарының мәлімдегенінен кейін белгілі болған, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алынған параға қызын шет елде оқытқандығы, қымбат тон және тағы да басқа қымбат бұйымдар сатып алғандығы айтылған. 32 беттен тұратын бұл айыптау қорытындысында КО1 және КО2 деген азаматтардың американдық мұнай компанияларынан пара алғандығына қатысты басқа да көптеген деректер келтірілген.

Қазақстанда “Қазақгейт” төңірегіндегі әңгімеге қатысты билік тарапынан күні кешеге дейін, не ондай істің бар екендігі немесе ондай істің жоқ екендігіне қатысты әңгіме айтылған емес. Күні кешеге дейтін себебіміз, 14 мамыр күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тікелей эфир арқылы Қазақстан халқының сауалына жауап берген кезде, тұңғыш рет Джеймс Гиффеннің президенттің емес, Қазақстан Үкіметінің кеңесшісі болғандығын тілге тиек еткеннен кейін ғана, кейбір шенеуніктер аталмыш іске қатысты өз ойларын білдіре бастады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 14 мамыр күні тікелей эфирден сөйлеген сөзінде, бұл сот процесінің нақты американдық азамат Джеймс Гиффенге қатысты жүріп жатқандығын айтып өткен еді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл іске Қазақстан азаматтарының ешқандай қатысы жоқ. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылы 14 мамыр күні тікелей эфирден сөйлеген кезінде “Қазақгейт” төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелердің бәрі экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің ойлап тапқаны, Джеймс Гиффен Әкежaн Қажыгелдин премьер-министр болып тұрған кезеңде, оның кеңесшісі болды” дегенді айтқаны аян.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен кейін, Қазақстандағы кейбір оппозициялық бағыттағы басылымдарда, осыған қатысты мақалалар жарық көре бастады. Атап айтсақ, ең алдымен “КУБ” интернет-парақшасында Қазақстан президентінің қолы қойылған, Джеймс Гиффеннің президенттің кеңесшісі болғандығын айғақтайтын, куәлігінің суреті жарық көрді. Одан кейін “Ассанди таимс” газетінің 28 мамыр күнгі санында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1990 жылы американдық адвокат Джеймс Гиффенмен бірге түскен суреті жарияланды. Бұл жерде айта кететін бір нәрсе, 1990 жылы Әкежан Қажыгелдин премьерлік қызметке әлі келмеген болатын.

Ал, экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің өзі “Азаттық” радиосының тілшісіне берген сұхбатында, “Нұрсұлтан Назарбаевтың өкінішіне қарай, “Қазақгейт” мәселесі оның ойлап тапқан өтірігі емес, бүгінгі таңда Америка Құрама Штатында болып жатқан нақты сот процесі болып табылады. Егер де “Қазақгейт” туралы әңгіменің бәрі де ойдан шығарылған болса, Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш істі сотқа берер еді” дегенді айтты. Әкежан Қажыгелдиннің айтуына қарағанда, жалғыз Гиффенмен ғана бұл іс тоқтап қалмайды, егер іс насырға шапса Қазақстан мемлекеті бүгінгі таңда Швейцария банктерінде құлып салынған миллиондаған долларынан айырылып қалады.

Дегенмен бұл мәселе жөнінде көптеген ресми мекемеде істейтін шенеуніктердің әлі де өз ойларын ашық білдіре қойған жоқ. Олардың кейбіреуі бұл жөнінде хабары жоқ екендігін айтып отыр. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тікелей эфирден сөйлегеннен кейін, керісінше бұл іс онан сайын ушыға түскен.

Ресми мекемеде істейтін қызметкерлердің ішінде Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев қана бұл мәселе төңірегінде өз ойын ашық білдіріп жүр. “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Ермұхамет Ертісбаев “Қазақгейт” төңірегіндегі кейбір әңгімелер мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты орнынан кетіру, оған қысым жасау үшін ұйымдастырылып жатқан шаралар. Бұрынғы кеңестік одақтың ішінен шыққан Ресейде мен Украина мемлекетінде де мұндай жолмен қысым көрсету шаралары байқалған” дегенді айтты. Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, Қазақстанда 14 миллиард баррель мұнай қоры бар болғандықтан ол мұнайды жеңіл жолмен алу үшін мұндай іс-әрекеттер, бұдан кейін жалғаса береді.

Кейбір сарапшылар, Қазақстанда “Қазақгейт” тақырыбы төңірегінде әңгіме қозғаған басылымдардың жабылып, ол туралы мақала жазған журналистердің қудалауға ұшырайтындығын айтады. Оған дәлел ретінде олар оппозициялық бағыттағы “Солдат” газетінің жабылып қалуын және журналист Сергей Дувановтың сотталғандығы секілді мысалдарды алдыға тартып отыр.
XS
SM
MD
LG