Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06-04-2004


Оппозициялық бағыттағы “Ассанди таймс” газетінің жалған нөмірінің таратылуы мен Президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтің “Ақ жол”, Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партияларымен тартысының жалғасуы -басылымдардың басым көпшілігінің назарында.

Мәселен, “Мегаполис” газетіндегі “Ақ жол” өздерін Рим папасынан да қасиетті санайды” деген сұқбатында Ертісбаев жақында президентпен әңгіме барысында ол “Ақ жол” партиясының лидерлері өзінің алдына келгенде адалдығын айтатындығын тілге тиек еткенін баяндайды. “Бірақ олардың шынайы қызметі радикалды оппозиция арнасында ағады”, - деп есептейді Ертісбаевтің өзі. “Асар” мен “Ақ жол” партиясының жақындасуы Қазақстандағы нөмірі бірінші партия – “Отанды” қиын жағдайға қалдыруы мүмкін деген саяси болжамға орай ол “мұндай одақ пайда болса, саяси ойыннан да қатерлі болады”, - деп жауап береді. Оның пікірнше, “президент “Казкоммерцбанктің” қуаты мен “Асардың” медиа-империясын қосуға мүмкіндік бермейді”. “Бұл дегеніңіз Путин Ходорковскийге сайлауға қатысуға мүмкіндік беріп, НТВ-ға Гусинский иелік етіп, Березовский ОРТ-ға қожалық еткенмен бірдей”, - дейді Ермұхамет Ертісбаев “Мегаполис” газетінде.



Бұрынғы оппозиционерлердің бірі Балташ Тұрсымбаев президенттік “Отан” партиясына қарасты “Страна и мир” газетінде “Отан” мен “Асарды” бәсекелес партиялар ретінде бөліп-жарғым келмейді деген пікір айтады. Оның сөзіне қарағанда, екі партияның арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Балташ Тұрсымбаев президенттік республикада екі партиялық жүйе болуы тиіс деп есептейді. “Егер “Отан”, “Асар”, Азаматтық және Аграрлы партия бір блокқа біріксе, олар сол екі партиялы жүйенің бір қанатын жасақтауы ықтимал деген ой білдіреді Балташ Тұрсымбаев “Страна и мир” газетінде.

“Ақ жол” партиясының “Эпоха” газетінде саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов президент кеңесшісі өзін “Отан” партиясының қызметкері ретінде көрсете бастағанын айтады. “Ертісбаев барлығын екі топқа бөледі”, - деп есептейді сарапшы. Оның айтуынша, бірінші топты Ертісбаев “біз” үкімет, билік, “Отан”, “Асар”, Аграрлы, Азматтық партия дей отырып, ал “оларға” – қалған саяси күштерді жатқызады.



“Отан” партиясының құзырындағы екінші “Дала мен қала” газеті сәрсенбі күні “Ассанди таймс” газетінің қолдан жасалып таратылған шұғыл шығарылымның “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясына бағытталған арандатушылық әрекет деп бағаланып отырғанын” жеткізеді. Жалған нөмірдің шынайы газеттен айырмашылығы барлығын тілге тиек ете отырып, “жалған шығарылым газет ісін жетік білетін, саяси сауаты жоғары кісінің қолымен ұйымдастырылғаны айдан анық”, - деп қорытынды жасайды “Дала мен қала” газеті.



“Ақ жол Қазақстан” газетінде Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының өкілі Петр Своик жалған нөмірді ресейлік саяси технологтар президент отбасына жақын бір элиталық топтың тапсырысы бойынша әзірледі деген пікірде. Оның сөзін қарағада, бүгінде Қазақстанда біртұтас билік жоқ, ол бірнеше элиталық топтарға ыдыраған. Олардың арасында қазір бұрын соңды болмаған ақпараттық соғыс жүріп жатыр, Ертісбаевтың әйгілі мақаласы соның бір кезеңі болса, “Ассанди таймс” оның екінші кезеңі деп есептейді Петр Свойк. Оппозиция өкілі газетте тапсырыс берушілердің аты-жөндерін білсе де, оларды жариялау онсыз да “супер шиленісіп тұрған жағдайды ушықтырып жіберуі” ықтимал болғандықтан, жасырын ұстайтындығын жеткізеді.

Ал “Ассанди таймс” газетінің өзінде Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының мәлімдемесі жарық көрген. Онда партия өкілдері оппозициялық газеттің жалған шығарылымының пайда болуын түрмеде жатқан партия лидері Ғалымжан Жақияновтың принципшіл іс-әрекетіне биліктің жауабы ретінде қабылдағандарын айтады. Оппозиция өкілдері мұндай жағдайдың парламенттік сайлау алдында өзектілігі артатындығын жеткізіпті. Олар егер арандатушылар табылып, жазаланбаса, жалған басылымдар сайлау қызған тұста қаптап кетуі мүмкін деп есептейді.
XS
SM
MD
LG