Accessibility links

Ендігі жерде оқу-білім саласының басшылары шетелдерге іссапарларға бару үшін мемлекеттің қаржысын жұмсамайтын болды

  • Айнагүл САҒДИ

Биыл Францияның өндірісті қолдау Ассоциациясы тарапынан ұйымдастырылатын форумға Қазақстанның жоғарғы оқу орындары өкілдерінің барып келуі үшін 5 мың евро қажет екен. Былтыр аталған ассоциациядан 8 рет шақыру келіпті. Енді мұндай іс-сапарларға кететін шығын білім сапасын арттыруға бағытталатын болады. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев Жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғылыми-зерттеу институттары басшыларының кейбір марапаттар мен атақ алу үшін шетелге мемлекеттің есебінен баруларына тыйым салды. Шетелдік ұйымдардың түрлі деңгейдегі марапаттарын алып қайту үшін мемлекетке айтарлықтай шығын келеді екен.

Ендігі жерде оқу-білім саласының басшылары шетелдерге іссапарларға бару үшін мемлекеттің қаржысын жұмсамайтын болды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі осындай ұйғарымға келді. Министрдің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекова «Түрлі атақ-дәрежелерді алып келу үшін көп қаржының кететінін айтып, одан да сол оқу орнына қажетті жабдықтарға жұмсау қажет. Сол себептен де осындай шешім қабылданды» дейді.

Білім-ғылым саласына қатысты «Ғылым Маршалы» шені, «Ғылым» номинациясы бойынша Наполеонның алтын медалі, тағы да басқа толып жатқан атақтар мен марапаттар Қазақстанға лек-легімен келуде. Солардың бірі Францияның өндірісті қолдау Ассоциациясының маусымның 24-25 күндері Женевада болатын салтанатты шара барысында тапсыратын медалі. Осындай шақырту Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтына да келген. Институттың оқу ісі жөніндегі 1 проректоры Жауынбай Қараев «Осыған кететін шығынды қажетті әдебиеттерге, жөндеу жұмыстарына бөлгенді жөн көрдік. Оның үстіне институттың 60 жылдығын тойлағалы отырмыз», - дейді. Сондай-ақ, «Шетелдік ұйымдар өз елдеріне шақырту арқылы да ақша жасайтын секілді», дегенді айтады.

Қазақ мемлекеттік медицина академиясының 1-проректоры Оралбай Дәрменов «Шетелдерге мемлекет есебінен бару өте сирек кездесетін құбылыс. Шақырып жатқан шетелдік ұйымдар шығынды өздері көтереді немесе демеушілердің арқасында барады», - дейді.

Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Абдрахманов «Егер маңызды шақырту болса неге бармасқа, оның тәжірибе жинақтауға, ой-өрісін кеңейтуге септігі мол. Ал ешқандай есепсіз, іс-сапарды той-томалаққа айналдыратындарды бақылауға алу қажет. Жасыратыны жоқ үлкен лауазым иелері мемлекеттің есебінен барып, осындайға жол беріп жатады, ондайларға тыйым салу керек» дейді.

Мемлекеттік шенеуніктердің шет елдік іс сапарларына шамамен қанша қаражат шығандалатыны туралы ресми мәлімет жоқ. Алайда, барыс-келістің аз емес екені мәлім. Басқа мемлекеттерге жиі шығатындар арасында Парламент депутаттары да бар. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов іс-сапарларға көп ақша шығындап жүрген әріптестерін бірнеше рет қатты сынаған болатын.
XS
SM
MD
LG