Accessibility links

Қазақстанда бірқатар саяси партиялардың жабылу қаупі бар

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Үстіміздегі жылы Қазақстанның әділет министрлігіне ресми тіркелген он саяси партиядан басқа үш партия тіркеу туралы өтініш берген. Алайда оның екеуі – Қазақстанның халықтық Коммунистік партиясы мен «Абырой» партиясының құрылтайшы құжаттары Қазақстан заңдарына сәйкес келмеуіне байланысты аталған партияларды тіркеуден бас тартқан. Әділет министрі Оңалсын Жұмабеков бүгінде тіркеу комитетінде Қазақстанның Демократиялық партиясының құрылтайшы құжаттары қаралып жатқандығын айтты. Ол сонымен қатар алдағы уақытта ресми тіркелген он саяси партияның бірқатарының таратылу мүмкіндігін айтты. Әділет министрінің айтуынша, оған себеп болып отырған мынадай жағдайдар: «Бірқатар саяси партиялардың өкілдері заңнмен берілген мүмкіндіктеріне сәйкес өркениетті саяси қызметімен күш-жігерлерін қоғамды әдейі тұрақсыздандыруға жұмсауда. Өкіметтің кез келген іс-әрекетін теріс жақтан көріп, оң жақтарын елемеуге тырысып бағады. Олардың сөздері мен қылықтары кей уақытта шектен шығып жатады, азаматтар мен лауазымды адамдарға тіл тигізіп, өтірік өсекпен Қазақстандағы жағдайға жала жабумен шектесетін әрекеттерге жол береді».



Әділет министрі Оңалысын Жұмабеков бірқатар саяси партиялар Қазақстан Конституциясының «Саяси партияларды және кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді» деген 5-бабын бұзып отырғандығын айтады.



Әділет министрі Оңалсын Жұмабековтен заңды бұзып отыр деген саяси партиялардың нақты атауын сұраған едік. Алайда ол қажет кезінде айтылатын болады деп жауап берді.



Әділет министрі Оңалсын Жұмабековтің саяси партияларға қатысты мәлімдемесіне орай Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясы тең төрағаларының бірі Алтынбек Сарсенбаевтың пікірін білген едік: « Үкімет мүшесінің мәлімдемесі нақтылыққа жүгіну керек. Егер ол кісі осындай мәселемен пресс-конференция берсе ол біріншіден, партиялардың атын атауы керек еді. Егер де мұндай мәселені атамай, көрсетпей тұрып жалпылама айып тағу меніңше Үкімет мүшесіне жарасатын іс емес.



Алтынбек Сарсенбаев сонымен қатар мұны биліктің сайлау алдындағы саяси партияларға жасап отырған қоқан лоқысы деп түсінуге болатындығын айтады. «Егер партиялар тәртіп бұзған жағдайда әділет министрлігі емес, заңды қадағалайтын бас прокуратура мәліметтердің негізінде істі сотқа беру керек еді. Өкінішке орай бізде соңғы кезде Президенттің кеңесшілерінен бастап, Үкімет мүшелеріне дейін саяси партияларға қоқан лоққы жасаумен айналысып келеді», – дейді Алтынбек Сарсенбаев.



Алтынбек Сарсенбаев «Ақ жол» партиясы шетелдік ұйымдардан қаржыландырылмайды дейді. Оның айтуынша, партияны қаржыландыратын Қазақстандағы отаншыл, ұлтшыл бағыттағы отандық кәсіпкерлер.



Оппозициялық партия болып саналатын Қазақстанның Демократиялық таңдауы партиясы саяси кеңесінің мүшесі Зәуреш Батталованың айтуынша, Оңалсын Жұмабеков биліктің тапсырмасын орындап отыр. Бұл тоқпақ оппозициялық партияларға тіреліп тұрған шығар. Ал Қазақстанның Демократиялық таңдауы партиясы шетелден қаржыландырылмайды, – дейді Зәуреш Батталова.



Ал Коммунистер партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин «Кім қаржыландырса да шетелден ештеңе алмаймыз», – дейді.



Әділет министрі Оңалсын Жұмабеков таяу арада бірқатар саяси партияларға қатысты құжаттар тиісті жағдайда сот органдарына берілетіндігін айты.
XS
SM
MD
LG