Accessibility links

Қалиахмет Бимәсілімов: «Сайлау процесстеріне қатыстырмаудың бір жолы»

  • Айнагүл САҒДИ

«Сайлау туралы» Конституциялық Заңға сәйкес, саяси партиялар ұсынған кандидаттар бойынша мәслихаттар сайлау комиссияларын құрады. Қазақстан Республикаларының Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметтер бойынша, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын құру барысының алдын-ала мәліметтері белгілі болды.

Ресми деректерге қарағанда, облыстық және Алматы мен Астана қалаларындағы сайлау комиссиялары құрамына «Қазақстанның Азаматтық партиясы», «Руханият», «Отан», «Аграрлық партия», «Асар» партиялары 16 адамнан ұсынған, олардың түгелге дерлігі сайланды. «Ауыл» партиясы ұсынған 16 адамның 15-і, Қазақстанның патриоттары партиясынан 13 адамның 11-і, «Ақжол» партиясы ұсынған 16 адамның 4-і, «Коммунистік партия» ұсынған 13 адамның 2-уі ғана өтсе, «Қазақстанның демократиялық партиясы» ұсынған 14 адамның біреуі де сайланбаған. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының Астанадағы филиалының жетекшісі Рысбек Әбілқасымов ұсынған адамдарының өтпейтінін алдын-ала білгендерін айтты. «Бұған дейінгі өткен сайлаулардың бірде-біреуі әділ өткен жоқ болатын, биыл да солай болғалы тұр»,- дейді Рысбек Әбілқасымов.

Ал Астанадағы «Ақжол» партиясы филиалының төрағасы Қалиахмет Бимәсілімов «Былтыр бұл мәслихатты халық сайлаған жоқ, биліктің өзі сайлап алған. Тұтас «Отанның» мәслихаты. Сайлау процесстеріне қатыстырмау үшін ұсынған адамдарымыздың жартысынан көбі сайланбай отыр», дейді. Қалиахмет Бимәсілімов биылғы сайлаудың әділ өтетіндігіне де шүбә келтіріп отыр. «Электронды дауыс беру арқылы қай дауыс қажет деп табылса, сол дауысты қалдыруға болады. Комиссия құрудың да қажеті шамалы», дегенді айтады.

Ресми мәліметтерге қарағанда, 37 қалалық сайлау комиссиясына 259 адам сайлануы тиіс болса, оның 36-сына 252 адам сайланған. 167 аудандық сайлау комиссияларының барлығында бұл шара уақытында өткізіліп, оған 1169 адам сайланған.
XS
SM
MD
LG