Accessibility links

Зілзаладан зардап шеккен Жамбыл облысы Құлан ауылының тұрғындары Парламент алдында аштық жариялауда

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылынан 22 үйдің атынан келіп отырған ұзын саны он шақты балаларымен, кішкентай емшектегі сәбилерімен Қазақстанның Парламент үйінің алдына келіп аштық жариялауда. Олар жергілікті билік орындарынан үмітіміз жоқ, ендігі бар үмітіміз Астанадағы шенеуніктерде, одан қалса Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан талап етеміз дейді.

Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, 2003 жылдың 23-мамырында Жамбыл облысының Тұрар Рұсқұлов ауданында 5 балдан -8 балға дейін жер сілкінісі болған-тын. Соның салдарынан үш адам қаза тауып, бес мыңға жуық үйлер қирап қалған. Оған өткен жылы республикалық бюджеттен 7 млрд. теңге қаражат бөлінген және барлық облыстар мен кәсіпкерлер шамалары келгенше үйлер салуға міндеттеріне алған. Енді міне Астанаға келген зілзаладан зардап шеккен ауылдың тұрғындары күні бүгінге дейін 22 үйдің отбасылары үйсіз-күйсіз жүргендерін айтады.



Аштық жариялаушылардың айтуынша, жергілікті әкімшілік жаңадан үй салып беруге қаражат жоқ, сол құлаған үйлеріңізді қайтадан жөндеп береміз деген. Ал ол үйлер жөндеуге келмейді дейді, Құлан ауылынан келген тұрғындар.



Парламенттің алдында тұрған оларды жергілікті полицияның адамдары келіп, Парламент алдында тұруға болмайтындықтарын айтып, шетке қуа бастады. Олардың айтуынша, Парламенттің алдына келіп аштық жариялау үшін, алдын ала Астана қаласының әкімшілігінен рұқсат сұрау керек.



Зілзаладан зардап шеккен Құлан ауылының 22 отбасына не себептен үй берілмей отырғандығын білу үшін, Жамбыл облысы Құлан ауылының әкімі Бақытжан Нүркеновке хабарласқанымызда, хатшы қыз оның жоқ екендігін айтты. Осыдан кейін әкім орынбасарының көмекшісі Мұрат Шолпанқұлов былайша түсінік берді: «Сейсмологтардың қорытындысы бойынша, бұл кісілердің үйлерін жөндеуден өткізу керек. Олар жөндеуден өткізуге рұқсат бермегендіктен биылғы жылға қалып отыр. Олар үйді бұзып жаңадан үй салып беріңдер деп талап етіп отыр. Ал біздің оларға жаңа үй салуға қаражатымыз жоқ».

Жамбыл облысы, Құлан ауылынан сайлаған Парламент Мәжілісінің депутаты Ғани Қалиевке хабарласақынгымзда, одан төмендегідей жауап қайтарды: « Мен қазір Тараз қаласында жүрмін. Облыс әкімімен хабарласайын». Біраз уақыттан кейін істің жайын білу үшін Мәжіліс депутаты Ғани Қалиевке қайта хабарласқанымызда, ол телефон тұтқасын көтермеді.



Кешкісін аштық жариялағандардың екеуін жедел жәрдем алып кетті.
XS
SM
MD
LG