Accessibility links

Қазақ-өзбек мемелекеттік шекарасындағы қайғылы жағдайға орай хабарлама жасалды


Маусымның 1-і күні кешкісін қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасында Қазақстан азаматының өліміне әкеліп соқтырған қайғылы оқиғаның болғаны жайында бұған дейін де хабарланған еді.

Осы оқиғаның мән-жайына және шекарадағы жағдайға байланысты маусымның 15-і күні Қазақстан Респбуликасының Парламенті Сенатында ресми органдар өкілдерінің хабарламасы тыңдалды.

Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, маусымының 1-і күні кешкі сағат жетінің шамасында Қазақстан азаматтары Әбдірайымов пен Баданов, сондай-ақ Өзбекстан азаматшалары Стамқұлова мен Қуанышева жеңіл көлікпен шекарадан өткен кезде құжат тексеру үшін оларды өзбек шекаршылары тоқтатады. Осы кезде өзбек шекарашысы Ишамқұлов пен Қазақстан азаматы Бадановтың арасында жанжал шыққан. Нәтижесінде өзбек шекарашысы қару қолданып, аяғынан жарақат алған Баданов Сарыағаш аудандық ауруханаға барар жолда қаза болған. Бұл жағдайдың себебін анықтау мақсатында оқиға болған жерге Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының әкімі, құқық қорғау мекемелерінің басшылары, шекара қызметкерлері және Ташкенттегі елшілік өкілі барып қайтты, дейді Қазақстан сыртқы істер вице-министрі.

Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, осы оқиғаға байланысты екі жақты келіссөздер өткізілген. «3 маусым күні Ташкентте Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Өтемұратов пен Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мерзоевтің арасында келіссөздер өткізілді. Кездесу барысында соңғы кездері екі ел арасында шекара түрлі келеңсіз оқиғалардың жиі кездесетініне баса назар аударылды. Мерзоевтің хабарлауынша, осы оқиғаға байланысты Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасы орынбасары, шекара әскерлерінің қолбасшысы қызметінен босатылған. Бұған қоса қазіргі уақытта Өзбекстан Республикасының әскери прокуратурасы өзбек шекарашысы Ишамқұловқа қатысты қылмыстық іс қозалып тергелуде.

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Болат Зәкиев аталған жағдай азаматтардың мемлекеттік шекараның құрылғанына әлі үйрене алмай жатқанында деп есептейді. Оның айтуына қарағанда, Қазақстан тарапынан қару қолдану оқиғалары болған, бірақ өте аз. Өткен жылы өзбек шекарасында 140 контрабандалық оқиға тіркелсе, биылғы жылдың бес айында мұндай 256 оқиға тіркелген. Өткен жылы 1183 адам шекараны заңсыз өткен үшін ұсталса, осы жылдың бес айында олардың саны 1193 болыпты.

Ақпарат көздеріне қарағанда маусымның 13-інен 14-іне қараған түнде Қазақстаннан Өзбекстанға қарай бағыт алған контрабандашыларды ұстау кезінде өзбек шекара патрулі оқ атқан. Нәтижесінде контарбандашылар тауар әкеле жатқан мотоцикл өртенген. Төрт Өзбекстан азаматы Оңтүстік Қазақстан облысынан сатып алған маталарды Өзбекстанға заңзсыз әкетпек болыпты. Қазақ-өзбек шекарасын қиып өтпек болғандарды өзбек шекаршылары қолға түсірген. Жәбір көргендер мен құрбан болғандар жоқ көрінеді.
XS
SM
MD
LG