Accessibility links

Ислам Конференциясы ұйымының отырысында демократиялық реформалар жайы қаралды.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Стамбұлда сәрсенбіде Ислам Конференциясы ұйымының кездесуі аяқталды. Оның барысында, күн тәртібіндегі өзге де мәселелер қатарында, Ислам әлеміндегі демократиялық реформалар жайы талқыланды.

Ислам конференциясы ұйымының бұл жолғы отырысы 3 күнге созылған болатын. Аталған басқосуға 57 елден келген ресми өкілдер күн тәртібіндегі мәселелер қатарында Ирақ егемендігін сол ел өкілдеріне тапсыру сияқты көкейкесті сауал төңірегінде кең тұрғыда пікір алысты. Сондай-ақ, Таяу Шығыстағы жағдайдың шешімі де басты назарда болды. Басқосудың соңғы күнінде жиналғандар Түркиялық тарихшы Екмеледдин Ихсаноғлыны ұйымның жаңа бас хатшысы ретінде таңдады. Негізгі бас хатшылық қызметі қаңтардың 1-де басталатын Ихсаноғлы мырза оның барысында Мұсылман әлемі мен Батыс елдері арасында байсалды келіссөздердің жүргізілуіне күш салатындығына уәде берді. Сондай-ақ кездесу күндерінде сөз алған шешендер Ислам әлеміндегі демократияның жағдайын тілге тиек етісті.

Мысалы, осы ұйымның қазіргі бас хатшысы Абделвахед Белкезиз мырза Ислам әлемін “демократиялық даму үдерісінде кейіндеп қалды”-, деп сынады. Әсіресе Таяу Шығыс елдеріндегі білім беру мен экономикалық мәселелерге ол жиналғандардың назар аударуын сұрады. Сондықтан қазіргі кезеңнің демократиялық даму үдерісінде айрықша маңызды уақыт екендігін еске салып өтті.

Сондай-ақ Түркия елбасы Ахмет Несжед Сезер мырза: Саяси, әлеуметтік және экономикалық реформаларды өрістетуде бұл басқосуға жиналғандардың өз бағыттарын айқындап алуы-өмірлік маңызды мәсле-, деді. Осы жылдың басында Араб елдері одағының саясаткерлері саяси реформалар жүргізу жөнінде жоспар қабылдаған болатын. Дей тұрғанмен, аймақтағы көптеген өкімет өкілдері бұл елдерге өзгерістердің сырттан телінуіне қарсы екендіктерін мәлімдесті.

Берлинде орналасқан Шығыс елдерін зерттеу орталығының талдаушысы Соня Хегаси ханым: “Мұндай пікірлерді 30, 40 жылдан бері естіп келеміз.

“Біз демократиялық реформаларды қолдаймыз. Алайда оны біз өз қолайымызға қарай жүзеге асыратын боламыз” деген тектес идеялар Араб әлемі мен Мұсылман елдерінде кеңінен таралған. Сондытқан да бұл айтылғандар, соншалықты соны ойлар емес”-, деді. Ал, лондондық сарапшы Нейл Патриктің пікірінше, Ислам елдерінде демократиялық үдеріс жөніндегі түсінік- сан қилы. Мысалыға Малайзия мен Индонезияда көпжақты шешім қабылдау үдерісі қалыптасқан. Кувейтте, сайланбалы Парламент ел өкіметінің көптеген шешімдерін қабылдамай тастауда. Мороккода 2002-ші жылғы Парламенттік сайлаулар барынша еркін де әділ жағдайда өтті, деп бағалануда.

Нью-Йоркте орналасқан Фридом хауз ұйымы Ислам Конференциясы ұйымына мүше бірнеше елдерді, атап айтқанда, Ливия, Сауд Арабия, Сомали, Судан, Сирия, Түркменстан және Өзбекстан мемлекеттеріне әлемдегі ең репрессивті билік елдері-, деп баға берді.
XS
SM
MD
LG