Accessibility links

Қазақстанның Демократиялық таңдауы партиясының өкілдері Парламент үйінің алдында Ғалымжан Жақияновты бостандыққа шығаруды талап етті

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Алматы, Екібастұз, Павлодар, Рудный және Семей өңірінен жиналған Қазақстанның Демократиялық таңдауы партиясының қырыққа жуық өкілдері Қазақстанның Парламент үйінің алдында өздерінің жетекшілері Ғалымжан Жақияновтың бостандыққа шығуын талап етті. Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Демократиялық таңдауы партиясы саяси кеңесінің мүшесі Зәуреш Батталованың айтуынша, маусымның 16-күні шеру өткізу жөнінде жергілікті әкімшіліктен рұқсат сұраған. Алайда әкімшілік рұқсат бермегендіктен Парламенттің алдында депутаттармен кездесу өткізетін болып келіскен.

Сенатор Зәуреш Батталова «Бұл Қазақстан Конституциясына ешқандай қайшы келмейді. Қайта Парламентте депутаттардың сайлаушыларымен кездесуге арналған арнайы кездесу залы болуы қажет. Бұл дамыған мемлекеттердің барлығында бар», – дейді.



Парламент алдына жиналған дүйім жұрттың ішінде жетпістен асқан қария Парламент депутаттарының атына мынадай үндеу айтты:

«Ғалымжан Жақияновты қапастан шығаруды талап етеміз. Президенттен елге әділеттілік тілейміз. Парламент депутаттарына ұлтымыздың ана тілін аяққа басып, не деген масқара жағдайға ұшыраттыңдар, өзіміздің тілімізді, өзіміздің ел-жұртымыздың намысын қорғап отыруға жарамадыңыздар, не үшін отырсыңдар?!».



Коммунистер партиясының жастар қанаты Отаншыл жастар ұйымының мүшесі Жанбота Қарашолақов: «Бізді алаңда тұруға болмайды деп қуып жатыр. Егер жастарға өз пікірін білдіруге алаңда болсын, басқа жерде болсын орын бермесе, онда бұл мемлекетте тұру мүмкін емес. Біздің басты мақсатымыз Ғалымжан Жақияновты бостандыққа шығару туралы өзіміздің пікірімізді білдіру. Екі жыл болды түрмеде отыр. Не Үкімет жағынан, не депутаттар жағынан қимыл, іс-әрекет жоқ.». Арада 15-20 минөт өткеннен кейін Ғалымжан Жақияновты бостандыққа шығаруды талап еткен қырық шақты адамдардан көрі полиция өкілдерінің қарасы көбейіп, олар Парламенттің алдына жиналғандарды күштеп қуа бастады.



Екібастұздан келген, өзін Саматпын деп таныстырған жігіт Павлодар облысының бұрынғы әкімі болған Ғалымжан Жақияновтың тағдыры алаңдататындығын айтты.



Парламенттің алдына жиналған Қазақстанның Демократиялық таңдауы партиясы өкілдерінің пікірін тыңдауға тек Мәжіліс депутаттарынан Серікболсын Әбділдин, Төлен Тоқтасынов және Серікбай Әлібаев пен Сенат депутаты Зәуреш Батталова ғана шықты.



Ғалымжан Жақиянов – бұрынғы Павлодар облысының әкімі, қазіргі Демократиялық таңдау партиясының жетекшісі. Мемлекеттік қызметін асыра пайдаланды деген айыппен 2002 жылдың жазында жеті жыл бас бостандығынан айырылған болатын. Ал халықаралық ұйымдар Ғалымжан Жақияновқа саяси тұтқын деген баға беріп отыр.
XS
SM
MD
LG