Accessibility links

«Алтын белгіден» үміткерлердің басым көпшілігі талап деңгейінен көріне алмаған

  • Айнагүл САҒДИ

Қазақстан бойынша орта мектеп бітіргендердің 180 мыңы Бірыңғай ұлттық тест тапсырды. Олардың 100 мыңнан астамы қазақ тілінде, 70 мыңнан астамы орыс тілінде тапсырған. Алғашқы мәліметтер Қазақстан мектептеріндегі білім деңгейінің төмендігін көрсетіп отыр. Білім және ғылым министрінің шешіміне сәйкес 40 баллдан төмен балл жинағандар жоғары оқу орнына қабылданбайды. Ондай балалардың саны жалпы Бірыңғай ұлттық тестке қатысушылардың 30 пайызына жуықтаса, үздік оқығаны үшін «Алтын белгіден» үміткерлердің басым көпшілігі талап деңгейінен көріне алмаған.

Алдын –ала белгілі болған мәліметтерге қарағанда, 179 мың 223 бала Бірыңғай ұлттық тест тапсырған. Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрінің баспасөз-хатшысы Жанар Үсіпбекова «Олардың ішінде 1300-ге тарта бала 101 мен 120 –ның аралығында ең жоғары балла жинап отырса, 43 мыңнан астамы 40 баллдан төмен алғандар, бұл балалар ешқандай жоғары оқу орындарына қатыса алмайды, тек колледждерге баруына болады», дейді.

Ал Астана қалалық білім беру басқармасының мәліметтеріне қарағанда, Астана қаласы бойынша 3 жарым мыңға жуық бала Бірыңғай ұлттық тестке қатысқан. Олардың ішінде 11 пайызы 40 баллдан төмен жинаса, тек 2-3 пайызы ғана 100 –ден жоғары баллға ие болған. Қаладағы кейбір мектептерге хабарласқанымызда, оқушылардың ата-аналары, мұғалімдері «1-2 баллдың жетпеуінің салдарынан кейбір үздік оқығар оқушылар «Алтын белгіге» қол жеткізу мүмкіншілігінен айрылып отыр. Себебі, көптеген сұрақтар дұрыс құрылмаған, көңілден шыққан жоқ. Бұл – баланың тағдырына балта шапқанмен бірдей», дейді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Шоқыбасова апелляцияға да тапсырып көргендерін айтады. «Сұрақтың нөмірін, жауаптарын сұрайды. Оның бәрін жаттап алатындай бала компьютер емес», дейді.

Ал Білім және ғылым министрінің баспасөз-хатшысы Жанар Үсіпбекова болса, қазір осындай жайттардың қарастырылып жатқандығын айтады.

Білім және ғылым министрлігі Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттарының ұлттық орталығының директоры Такир Балықбаев «Алдын-ала шығарылған қорытынды биылғы көрсеткіштің былтырғы көрсеткішпен деңгейлес екендігін көрсетті», дегенді айтты. Қазақстанда алғаш рет өткізілген бұл сынақтың нақты қорытындысы маусымның 21 күні белгілі болмақ.
XS
SM
MD
LG