Accessibility links

БҰҰ ның адам құқығы комиссиясының арнайы өкілінің Қазақстандағы сапары аяқталды

  • Досан БАЙМОЛДА

Маусымның 17 сі күні БҰҰ ның адам құқығы комиссиясының өкілі Леандро Деспуйдің Қазақстандағы сапары аяқталды. Ол Алматыға маусымның 11 күні келген болатын. БҰҰ ның адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Леондро Деспуй Қазақстан үкіметінің шақыруымен, Қазақстандағы сот жүйесі жұмысымен танысу, судьялар мен адвокат-қорғаушылардың тәуелсіз жұмыс істей алу мүмкіндігін білу үшін келіпті. Ол өткен жылы қыркүйек айында БҰҰ ның адам құқығы мәселесі жөніндегі баяндаушысы қызметіне тағайындалған болатын. Арғы шыққан тегі аргентиналық Леандро Деспуй халықаралық азаматтық жөніндегі құқық саласының маманы әрі адам құқығы жөніндегі сарапшы деп есептеледі.

БҰҰ ның адам құқығы комиссиясының өкілінің Қазақстандағы жұмыс сапары туралы, оның кімдермен кездескендігі туралы БАҚ ы тарапынан көп айтылмады. Алайда БҰҰ ның өкілінің еліне қайтатын күні бізге оның кімдермен кездескендігі мәлім болды. Қазақстан сыртқы істер министрлігінде кеңсе кеңесшісі лауазымына ие Арыстанбек Исламбектің айтуынша ол маусымның 15 і күні Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевпен кездескен, сондай ақ Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми, Әділет министрі Оңалсын Жұмабеков, Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков, Қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақова және Президент жанындағы адам құқығын қорғау жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Жабайхан Әбділдин, Қазақстандағы адам құқығы, заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис секілді адамдармен кездескен. Е.Жовтис БҰҰ ның өкілімен болған кездесу туралы: бұл кездесудің құқық, заңдылық тақырыбындағы кездесу болғанын,кездесуде Қазақстандағы сот орындары мен прокуратура жұмыстарының қалай жүрілетіндігі, судьялар мен қорғаушылардың қаншалықты тәуелсіз жұмыс істей алу мүмкіндігі жайында сұрап білгендігін айтты. Леандро Деспуй мырза маусымның 17 сі күні Қазақстандағы сапарын аяқтап 18 маусым күні Алматыдан Женеваға қарай аттанады. Ол келесі жылы көктем айында Женева қаласында өтетін БҰҰ ның адам құқығы комиссиясының кезекті мәжілісінде Қазақстандағы осы сапар қортындысына негізделген арнайы баяндамасын қоймақшы.
XS
SM
MD
LG