Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06-18-2004


Республикалық газеттерде Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевтың медицина саласындағы парақорлықпен күрестің жаңа тәсілін ұсынғаны сөз болумен қатар «Наурыз банк» басшысы әрі президенттік «Отан» партиясының саяси кеңес мүшесі Оразәлі Ержановтың президент әкімшілігі жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтің банкпен екі жыл бұрын жасалған уағдаластықты бұзып, бастапқыда үлес ретінде салған 10 миллион долларын қолма-қол қайтарып беруін талап етіп банкке қысым көрсеткені жайлы президентке шағымданып жазған хаты басылымдарда толассыз сауалдарға негіз болуда.

Егер Тасмағамбетов мырзаның өзі «Казахстанская правда» газетінде ешқандай банкте үлесінің болмағанын айтып, мұндай мәлімдемені «бірінші актісінен кейін тәмамдалған қойылым» деп бағаласа, «Ассанди таймс» газеті жанжалдың басты кейіпкері Оразәлі Ержановтың әлі табылмай отырғандығына назар аударады.

Газеттің мәліметтеріне қарағанда, оның хаты парламентте жария болған кезде прокурор «Наурыз банк» басшысын ұстауға санкция беріп, полиция оның ізіне түскен. Алайда, «ол кезде елде болған Ержанов мырза бір жағынан биліктің оның барлығын айтып қойғаны үшін жауапқа тартатындығынан, екінші жағынан – оппозицияның шындықты айтуға мәжбүр ететіндігінен сескеніп, Қазақстаннан Ресейге, одан әрі қарай Еуропаға аман-есен табан тіреді», - деп хабарлайды «Ассанди таймс» апталығы. Мақала авторы Мұхаметжан Әділовтің пікірінше, тығырықтан шығудың екі жолы бар:

«Біріншісі, егер президент әкімшілігінің жетекшісі өзінің дұрыстығын айтып, бұл тақырыпты қозғай берсе, Ержанов Қазақстанға өзгерістер талап ететіндер қатарынан табылады. Басқа жағдайда ол отанына оралып, өзінің ұзақ уақыт жоғалып кеткенін денсаулығының күрт нашарлап кетуімен түсіндіретін болады», - деп топшылайды Мұхаметжан Әділов.

«Айқын» басылымы соңғы санында парламент депутаты Серікбай Әлібаевтың «Наурыз банктің» құрылтайшылары, ондағы прокуратура тексерулері және жеке салымшылардың мүддесін қорғауға қатысты мәліметтерді жария етуін өтініп депутаттық сауал жасағанын хабарлай отырып, «кейбір ақпараттар тиісті мекемелер жүргізген тексерулер нәтижесінде осы банктің 953 миллион теңге көлемінде салық төлемегені анықталғанын хабарлағанына» тоқталады. «Караван» апталығы «Түтін шыққанмен, от көрінбейді» деген мақалада Ержанов мырзаның шетелге кетіп қалғанын, онымен байланысу мүмкін еместігін айта отырып, «ол жазды-мыс деген хаттың тек бірыңғай сауалдар ғана туғызып жатқандығына» тоқаталады. Газеттің «өз тілшісінен» деп берілген бұл мақалада банк жетекшісінің хаттан бас тартқаны сөз етілумен қатар «тексерістер (банктің өзі жоққа шығарған) болды ма? Ең басты – сол оқиға орын алды ма?» деген сауалдарды алға тартады.

Мақала президент әкімшілігі жеткешісінің өзі 10 миллионның қолма-қол ақша түрінде қайтарылуын талап етуі туралы әңгіменің «ақылға сыйымсыз» екендігін, себебі, мұндай көлемдегі қаржының салмағы шамамен бір центнер болатындығын тілге тиек еткендігімен аяқталады. Әйтсе де, «Ассанди таймс» газеті мұндай мәлімдемені президент әкімшілігінің өз-өзіне сенімсізігі ретінде бағалай отырып, «10 дипломатқа немесе орташа көлемдегі бес чемоданға сыйып кететін 100 килограмм америка валютасын желкілдеген екі жас жігіттің көтеріп кететіндігіне» күмәнданбайды. Қаржы министрі кезінде де «көлеңкелі экономикамен» күресудің әдіс-тәсілдерін ұсынумен аты мәлім қазіргі денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевтың медицина саласындағы пара алуға жариялылық енгізуді қолға алғанын хабарлайды «Комсомольская правда Казахстан» басылымы. «Денсаулық сақтау министрлігі ақ халаттылар арасындағы парақорлықпен күрес жел диірменмен айқас екендігін ұққан тәрізді. Енді қосымша ақы алу үшін дәрігер еңбегін сіңіруі тиіс. Өз ерікмен қосымша қаржы бергісі келгендер ақшасын касса арқылы төлейтін болады», - дейді газет тілшісі. «Көлеңкелі экономикамен» күрес мұнымен де тәмамдалмай, «тегін медициналық қызмет көрсету көлемін реттеу» арқылы да жалғасатындығынан хабардар етеді «Экспресс К» газеті.

Мақалада министрдің: «бүгінде ауруханаға жатқан науқастар өзімен бірге көрпе-жастығын, дәрі-дәрмегін бірге алып келетіндігін, оған қоса барлық медицина қызметінің 90 пайызын құрайтын қосымша ақы қалтарыста екендігін» айтқаны жазылған. Сол себептен, «енді тегін көмек көрсету барлық ауруларды бірдей қамтымайтындығын» айтады «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG