Accessibility links

9/11 комиссиясы әскери авиациямен азаматтық авиацияның террористерге қарсы қызметін берекесіз, тіпті икемсіз деп тапты


Сонымен бір жарым жыл жұмыс істеп, 11 қыркүйек шабуылдарын тергеп жатқан АҚШ тәуелсіз комиссиясының негізгі қортындылары белгілі болып жатыр. Бейсенбі күнгі отырысында ұлттық комиссия әскери басшылықпен азаматтық комиссияның 11 қыркүйек күнгі өзара байланысы нашар болды деп жариялады. Террористер басып алған төрт ұшақтың үшеуі нысаналарына жетіп, мыңдаған адамның ажалына себепші болды. Әуе қорғаныс күштерінің қолбасшылығы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмады деген сын айтылып жатыр.

Америка Құрама Штаттарына жасалған террорлық шабуылдар жөніндегі Ұлттық комиссия деп толық аталатын тәуелсіз мекеме бір жарым жылда мыңнан аса куәгерден жауап алды, екі миллионнан аса құжатты зерттеді. Комиссияға президент Джордж Буш және вице-президент Дик Чейниде шақырылған болатын. Осы аптада комиссия рет саны бойынша 17-ші алдын ала баяндамасын жариялады, баяндама әуе қорғаныс күштерінің 11 қыркүйек күнгі қызметіне арналды. Комиссияның қортынды баяндамасы шілде айында жарияланбақ. Алдын ала жарияланған жеке баяндамасында 9/11 комиссиясы деп аталып кеткен ұйым әскери авиациямен азаматтық авиацияның террористерге қарсы қызметін берекесіз, тіпті икемсіз деп тапты. Екі авиацияның арасындағы жұмыс үйлесімдігі нашар болғандықтан олардың басшылары 11 қыркүйек күні болып жатқан оқиғаларды жетік түсінбеді, АҚШ әуе қорғаныс жүйесінің стратегиясы қате болды, дейді 9/11 комиссиясы.

Мұның салдарынан террористер басып алған төрт ұшақты атып түсіруге бұйрық ұшқыштарға берілмеген. Қару құралына айналған екі жолаушы ұшағы Нью-Йоркте Дүниежүзілік сауда орталығының екі алып ғимаратын талқандады, үш мыңдай адам қаза тапты. Үшінші ұшақ Вашингтонда қорғаныс министрлігінің үйіне барып түсті. Ал төртінші ұшақ Вашингтондағы нысанасына жетпей, қала сыртында жерді сүзіп өзі құлады. Төртінші ұшақтағы жолаушылар жағдайды білген соң бас көтіріп, террористердің бетін қайтарып, ұшақты нысанасына жеткізбей өздері орта жолдан тоқтатуға әрекет жасаған көрінеді.

Комиссияның бейсенбі күнгі отырысы АҚШ үкіметінің шабуылдарға қарсы қолданған шараларына арналды. Бұл комиссияның рет саны бойынша 12-ші және қортынды бұқаралық тыңдауы. Комиссия мүшесі Филипп Зеликоу әуе қорғаныс басшылығы жолаушы ұшақтар шабуыл қаруына айналған жағдайда қандай шара қолдануын ойластырмаған деп баяндама жасады. 11 қыркүйек күні президент Джордж Буш оңтүстік шығыстағы Флорида штатында сөз сөйлеп жатқан. Сондықтан қауіпсіздік мәселесімен Джордж Буш айналма жолмен Вашингтонға келіп жеткенше президенттік билік вице-президент Дик Чейнидің қолында болған. Дик Чейни террористер басып алған кез-келген ұшақты атып түсіруге бұйрық берген болатын, дейді Филипп Зеликоу. Яғни, әскери ұшақтан берілген қон деген талапқа көнбеген көлікті атып түсіру бұйырылған. Алайда, солтүстік-шығыс аймағының әскери басшысы бұйрықты Вашингтон маңындағы Ланглей әуе базасының ұшқыштарына жеткізбеген, дейді Филипп Зеликоу:

- Қысқаша айтқанда, Вашингтондағы басшылар төбемізде ұшып жүрген әскери ұшақтар жау ұшағын атып түсіруге бұйрық алды деп сеніп отырған. Ал бұл кезеңде Ланглей ұшқыштарына тек "Ай-Ди, тайп энд тейл", яғи "кім екенін анықтап артынан қалмаңдар" деген бұйрық қана жеткен.

Ашық тыңдау мәжілісінде сөз алған АҚШ штаб басшылары комитетінің төрағасы генерал Ричард Майерс кейбір ретсіздік нашар байланыстан емес, қорғаныс саясатынан шықты деп сипаттады. Американың әскері қауіп қатер сырттан келеді деген принципті басшылыққа алған, қауіп ел ішінен шығады деп ешқашан ойлаған емеспіз. Дегенмен, жаңа қауіптің бет-жүзі анықталғанда қоластымдағы адамдар өте дұрыс қимыл жасады, - дейді генерал Ричард Майерс:

- Дегенмен, біртұтас үкіметтік жоспарды 9/11 күні өте жақсы атқардық. Қызмет үстіндегі адамдарымыз бұл күннің әр сәтінде ғажайып шеберлік, байсалдылықпен икемдік танытты. Олардың іс-қимылын қатты мақтан етемін.

Ричард Майерстың бұл сөздері ұлттық комиссияның адамдарына тоқетердей көрінген жоқ. Комиссия мүшесі Джонн Лиман Совет Одағы әуе шабуылын жасаса деп құрылған Солтүстік Америка Қорғаныс Басшылығы сол қалпында сақталған деді. Шетелде террористердің қолына түскен ұшақтардың да шабуылдары болуы мүмкін деп қарастырылған, Совет Одағы құлаған соң АҚШ әуе қорғаныс жүйесінің қызметі мұқият қайта қарастырылған болатын, деді 9/11 комиссиясының мүшесі Джонн Лиман.
XS
SM
MD
LG