Accessibility links

Алдағы уақытта Иран аумағында екі мұнай терминалының құрылысы басталуы мүмкін

  • Айнагүл САҒДИ

Қазақстан Республикасы Үкіметі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» мен «Қазнафта» Жабық акционерлік қоғамы бірлесіп Иранда екі мұнай терминалын салмақ. Жалпы мұнай сақтау көлемі 150 мың метриялық тонна болатын бұл жоба бойынша аталған екі компания бірлескен жұмыс бастаған. «Қазнафта» Жабық акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Мәркен Шәйжүнісов Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Даниал Ахметовпен кездесуі кезінде осылай деп мәлімдеген. Біз «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясына» хабарласқанымызда, жұртшылықпен байланыс жөніндегі департамент директорының міндетін атқарушы Михайл Викторович «Мұндай келісім жайында біз әзірге ештеңе білмейміз», дегенді айтты.

Ал «Қазнафта» Жабық акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Мәркен Шәйжүнісов «Бұл ақпарат сәл ертерек таратылып кеткен болу керек. Жоба дәл қазір бастала қоймайды, алдағы уақытта іске асуы мүмкін», деді.

Саясаткер Әзімбай Ғали жалпы, аталған жоба іске асырылып жатса, Қазақстан мұнайын Парсы шығанағы елдеріне жөнелтуге тиімді жағдай туатындығын, алайда, бірқатар елдер, оның ішінде Америка, Қытай, Рейсей қарсылық білдіруі де мүмкін екендігін айтады.

«Қазіргі таңда мұнай біздің экономикамыздың негізі. Сол себептен де өзім мұнайшы ретінде көтеріліп отырған мәселені қолдаймын», - дейді Қазақстан Республикасы парламенті Сенатының депутаты Әбілхан Машани. Сенатор «Мұнай көлемін көбейтуіміз керек. Бүгінгі таңда 1 миллионға жеткізген болсақ, жуық арада бірнеше миллионға көтеруіміз керек. Ал оны көтеру үшін екінші қарсы бетте бізбен бірге бірлесе қызмет жасайтын әріптестеріміз болуы керек», дегенді айтады.

Ал Сенатор Асқар Қожағалиев «Бұның экономикамыздың жоғарылып, әлеуметтік жағдайымыздың жақсаруына айтарлықтай әсері болуы мүмкін. Экспорттық мүмкіншілікті көбейту үшін әлем портына шығу керек», дейді.

Жалпы, «Қазнафта» Жабық акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Мәркен Шәйжүнісовтің Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысымен кездесуі кезінде аталған жобаны іске асыру жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының ашылуымен қоса, Қазақстан экономикасының дамуына қызмет ететіндігіне сенім білдірілген.
XS
SM
MD
LG