Accessibility links

Семейліктер аштық акциясын бастады


Семейдің №2 қалалық соты сәрсенбі күні өртке қарсы күрес қызметі мекемесінің талабы бойынша осы қаладағы «Демократия үйі» деп аталып кеткен ғимараттың жұмысын уақытша тоқтатуға шешім шығарды. Бұл ғимараттың ішінде Қазақстанның Демократиялық Таңдауы Халықтық партиясының, Қазақстан Коммунистік партиясының Семейдегі бөлімдері мен басқа да бірқатар үкіметтік емес ұйымдар жұмыс атқарып жатқан болатын. Олар сот шешіміне наразылық білдіріп, егер сот орындаушылары ғимаратты жабатын болса, өздерінің аштық жариялайтынын мәлімдеп отыр.

Жұма күні Семей қаласында Затаевич көшесіндегі №6 үйдегі, жұртшылыққа «Демократия үйі» деген атаумен белгілі ғимаратты жабу туралы сот шешімін орындауға келгендер осы ғимаратта орналасқан оппозициялық саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдерінің наразылығына тап болды. Бұл сот ісіне қаладағы өртке қарсы күрес қызметі мекемесінің осы ғимаратта өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмай отырғандығына байланысты осыдан екі айдай уақыт бұрын берген ескертуі негіз болыпты. Сот төресі Зухра Райымханова «Демократия үйінде» отырған қоғамдық ұйымдар өртке қарсы күрес мекемесі берген ескертуде көрсетілген олқылықтарды жоймаған деп тауып, маусымның 16-күні ғимаратты жұмыс орны ретінде пайдалануды дереу тоқтату жөнінде шешім шығарған. Ал осы ғимаратта отырған ұйымдардың бірі – Қазақстанның Демократиялық Таңдауы Халықтық партиясының өкілі Елнұр Жәшімова жұма күні «Азаттық» радиосына Семейден телефон арқылы байланысты.

- Біз сот мәжілісі басталғанға дейін бір күн бұрын әлгі ескертуде көрсетілген барлық кемшіліктерді түзеп қойғанымызды айтып, өртке қарсы күрес мекемесінен сол жұмыстарды көріп, қабылдап алуды сұрап өтініш те тапсырдық. Бірақ, олар өз қызметкерлерінің демалыста екенін сылтауратып бізге келмей қойды, ал судья Зухра Райымханова болса, құзырында өкілеттігі бола тұра, кемшіліктің түзелгеніне көз жеткізуді қажет деп тапқан жоқ, бірден ғимаратты жабуға шешім шығарды, - деді Е.Жәшімова.

Біз осы істің анық-қанығын Семей қаласындағы өртке қарсы күрес қызметі мекемесінен білмек болып жұма күні түстен кейін бес сағат бойы қайталап телефон шалумен болсақ та, мекемедегі жауапты адамдардың ешқайсысы жұмыс орында болмай шықты.

– Бастығымыз демалыста, ал қалғандарының дәл қай жерде жүргені маған беймәлім, - деп жауап берді бізбен сөйлескен мекеме қызметкері.

Ал осы даулы іс бойынша сот шешімін шығарған Зухра Райыханова ханымды жұмыс орнынан тауып тілдескенімізбен ол кісі бізбен телефон арқылы сұхбаттасудан бас тартты.

Семей қалалық сотының судьясы З.Райымханова жұмысын дереу тоқтатуға шешім шығарған қаладағы «Демократия үйі» ғимаратында осы уақытқа дейін елдегі оппозициялық саяси ұйымдар - Қазақстанның Демократиялық Таңдауы Халықтық партиясының, Қазақстан Коммунистік партиясының Семейдегі бөлімдері мен басқа да бірқатар үкіметтік емес ұйымдар жұмыс атқарып жатқан болатын. Сондай-ақ бұл жерде осы аймақтан Қазақстан парламентіне сайланған депутаттар – сенатор Зәуреш Батталова мен мәжіліс мүшесі Төлен Тоқтасыновтың қоғамдық қабылдау орындары орналасқан-тұғын.

Осы хабар әуеге дайындалып жатқан кезде Семейден Елұнр Жәшімова ханым «Азаттық» радиосына тағы да хабарласып, жұма күні сағат 16-дан бастап Семейдегі «Демократия үйінде» 10 адамның аштық жариялағаны туралы хабар жеткізді. Семейлік оппозиция өкілі әлгі аштық жариялап отырғандардың арасында сусамыр, жүрек қысымы, онкологиялық дертке шалдыққандар мен мүгедек жандар бар екенін айтып отыр.
XS
SM
MD
LG