Accessibility links

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің нақты қорытындысы белгілі болды.

  • Айнагүл САҒДИ

Маусымның 21-і күні Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Бірыңғай ұлттық тестілеудің қорытындысын жариялады. Сынақтан өткен 180 мыңға жуық баланың 24 пайыздан астамы 40 баллдан төмен балл жинаған, яғни, олар биылғы жылы жоғары оқу орындарына түсе алмайды деген сөз. Қайсыбір мамандар, мұғалімдер сынақтың бұл түрінің қоғамға зияны болмаса, тигізер пайдасы шамалы деп отыр. Тіпті, Білім және ғылым министрі отставкаға кетуі тиіс деген де пікірлер айтылуда.

Маусымның 10-ы мен 15-і аралығында республика бойынша 134 орында Бірыңғай Ұлттық тест өткізіліп, оған орта мектеп бітірушілердің 76,1 пайызы қатысты. Тестілеудің қорытындысы бойынша 101-ден 120 –ға дейін балл жинағандар сынаққа қатысқандардың жалпы санының небары 0,7 пайызын құраған. Ал 0-ден 39 баллға дейін жинағандар 24,2 пайыз. Бұл осыншама бала сынақтан өте алмай қалды деген сөз. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ мектебін бітіргендердің білім деңгейі орыс мектебін бітіргендердің деңгейімен салыстырғанда төмендеу болып отыр дейді, Қазақстан Республикасы Білім жәна ғылым министрлігі Білім беру мен тестілеудің ұлттық стандарттары ұлттық орталығының директоры Такир Оспанұлы. Биылғы жылы «Алтын белгі» мен ерекше аттестаттат үміткер 2 жарым мыңға жуық балалардың 70 пайызы талап деңгейінен көріне алмаған. ҰБТ қорытындысы бойынша үміткерлердің 30 пайызы ғана білімінің жоғары екендігін дәлелдеген.

«Балаларды екі жартыға бөліп, әурелеп қоюға ешкімнің құқы жоқ. Егер Білім және ғылым министрі Ж.Құлекеев ар-ожданы болса отставкаға өзі кетсін, егер бойында ондай қасиет болмаса, президент жіберуі тиіс», - дейді «Ұрпақ тағдыры-білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерсайын Ерғожа.

Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Оңалбек Сәпиевтің айтуынша, «Біліп тұрған балаға қиянат жасауға болмайды, тест сұрақтарын дайындаған мамандардың өзі мықты, білікті болу керек».

Жоғары оқу орындарында өткізілетін конкурсқа қатысу үшін 40 және одан жоғары балл жинаған талапкерлердің өтініштері қабылдана бастады. «Бүгінде қай жоғары оқу орындарында қандай мамандықтар бойынша грант бөлінетіндігі жөнінде тізім анықталды, негізінен жоғары оқу орындарының кадрлық потенциалына, материалдық-техникалық базасына, ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейі және жатақханамен қамтамасыз ету мәселелеріне көңіл бөлінген», - дейді Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Болатбек Әбдірәсілов. Конкурстық іріктеудің қорытындысы бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлеріне мамандығы мен оқу орны көрсетілген куәлік беріледі. Конкурстың нәтижелері 5 тамызда өтетін конкурстық комиссияның отырысында қарастырылмақ.
XS
SM
MD
LG